Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғанына бір жыл. Былтыр дәл осы күні өткен сайлау нәтижесінде 81 пайыздан артық дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Ал алты күннен кейін ұлықтау рәсімі өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы жаңа 7 жылдық өкілеті басталған. Саяси өзгерістерді Сүндет Оралбек саралады.
Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Президент 7 жылдық бір мерзімге сайланды. Бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам болды. «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы да осы аралыққа негізделген. Алты күннен кейін халық алдында адал еңбек етуге ант берді. Елдің аманатын арқалады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде Мен үшін айнымас темірқазық болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарын конституциялық реформаға сай жаңа жүйе бойынша сайлау қажеттігін міндеттеді. Саяси науқан биыл наурыздың 19-ы өтті. Сайлауға қатысқан 7 партияның алтауы Мәжіліске мандат алды. Саясаттанушы Мақсат Жақау жаңа жүйе өз жемісін беріп жатқанын айтады.
Мақсат ЖАҚАУ, САЯСАТТАНУШЫ:
Осы күнгі Парламент түрлі жұмыс топтары арқылы бірнеше бағытта заңдарды қабылдап үлгеріп отыр. Бұрын мұндай заңдар 3-4 жылдап созылып жататын практикада. Қазір уақыт күттірмейтін шара болғандықтан жүзеге асырылып отыр. Бұл естуші биліктің сайлауалды бағдарламасындағы уәдесін орындағанын көрсетеді.
Конституциялық реформа бойынша Президент аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімін тікелей сайлауды міндеттеді. Ол осы айдың бесінде өтті. 45 жаңа әкімді халық өзі таңдады. Аталған өзгерістердің барлығы халықтың әлеуметтік-саяси өмірін жаңғыртуға бағытталған. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осы арқылы экономикалық реформаларды жүзеге асырамыз дейді.
Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздің ең негізгі мәселе - әлеуметтік-экономиканы дамытып және біздің өнеркәсіпті 4,5 айналымға жеткізу. Сол кезде біздің елімізде белгілі бір әлеуметтік тепе-теңдік пайда болады. Бұл жерде саяси реформалар да, әлеуметтік реформалар да және экономикалық реформалардың да мақсаты бір. Ол біздің еліміздің әлеуметтік деңгейін арттыру болып табылады.
Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мантадын алған бір жылдың ішінде шет елдерге 21 сапар жасады. Мемлекет басшысы көрші орналасқан державаларға да, Құрама штаттар мен ЕуроОдақ, Түркі дүниесіне және Мұсылман әлеміне де теңдей көңіл бөлді. Бұл еліміздің сыртқы саясатта ұстанған көпвекторлы дипломатиясының көрінісі. Әрине, қарым-қатынастарға біздің тарап қана мүдделі емес. Президент барған елдердің басшылары тиісінше Қазақстанға да келді. Қаншама құжаттарға қол қойылды. Бізбен серіктес болуға мүдделілер көп, қызығушылықтары басым.