Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ұлытау облысында су нысандарына цифрлық құжат беріледі

20.11.2023ж. 20:30
967
Ұлытау облысында су нысандарына цифрлық құжат беріледі

Ұлытау өңіріндегі барлық су нысандары цифрлық даму төлқұжаттарын алады. Бұл су қорларын бақылауға және оларды ауыл шаруашылығында ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Астанада өткен брифингте облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жаңа өңірдің даму жоспарымен бөлісті.

Су нысандарын цифрландыру және оларды паспорттау Ұлытау өңірін дамытудағы басты бағыттардың бірі. Негізгі жұмыстарға 53 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Құжаттар барлық көлдердің, өзендердің, тоғандардың және су қоймаларының су көлемі мен нақты шекараларын көрсетеді. Бұл арқылы тіршілік нәрін ұтымды пайдалануға болады. Аймақ басшысы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында ауыз су тапшылығы байқалатынын ашық айтты.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Су ресурстары министрлігімен бірге біз толық цифрландырудан басқа, жаңа су қоймаларының жобаларын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Биыл ғана біз Жаңаарқа ауданындағы Манака және Бидайық су қоймасының құрылысын аяқтадық. Сапасы жақсы, мен оны өзім тексердім. Соның арқасында суармалы егіншілікпен айналысуға мүмкіндік бар.

Инвесторлар жаңа өңірдің, оның ішінде ауыл шаруашылығының мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытуда. Құны 600 миллион теңгеге жуық жобалар қолға алынбақ. Картоп, пияз және басқа да дақылдарды өсіру көзделуде. Сондай-ақ, тіршілік нәрі шабындық үшін де қажет. 10 мың басқа арналған мал шаруашылығы кешені ашылады. Өңірде экологияны жақсарту да жолға қойылған. Мыс қорыту зауыты мен темір рудасын өндіретін зауыттан атмосфераға бөлінетін шығындылар азаймақ. Алты сандық сенсор орнатылып қойған, тағы төртеуі жақын арада қойылады. Жобаның құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қалада тыныс алу мүмкін болмайтын жерлер бар. Экологтар мен сарапшылар өздері анықтап тексереді. Биыл оны бастадық, келесі жылы мониторингті жалғастырамыз, ақпарат аламыз. Ал табиғатты қорғау департаменті мен табиғи ресурстар департаменті арқылы мыс балқыту зауытын нақты ескертіп, айыппұл саламыз.

Ұлытау облысы әкімінің брифингі елордалық журналистердің үлкен қызығушылығын тудырды. Екі жарым сағатқа созылған кездесуде Берік Әбдіғалиұлы негізгі мәселе төңірегінде салмақты сауалдарға тұшымды жауап берді. Алдағы уақытта тағы да жүздесулер жоспарланған.