$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биыл әлем тарихында ең жылы қыс болады

AstanaTV
22.11.2023ж. 20:00
1240
Биыл әлем тарихында ең жылы қыс болады

Дегенмен, синоптиктер биыл қыс жылы болады дейді. Мұндай жағдай 20 жылдан кейін қайталанып тұрған көрінеді. Болжам бойынша желтоқсан айында да сақылдаған сарышұнақ аязды сезінбейтін сияқтымыз. Бірақ, дәрігерлер мұның денсаулыққа кері әсері бар екенін айтады.

Жылда бұл уақытта Астанада қалың қар, ақтүтек боран соғатын. Биыл ауа райы мүлдем басқаша. Күні кешеге дейін күннің шуағына шомылған жұртшылық табиғаттың бұл мінезіне аң-таң.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Жылынып келе жатыр әлем ғаламшар деп жатыр ғой. Соның жылынғанның белгісі шығар.
- Қазір қар түсу керек ғой негізі.Қар жоқ қой қазір. Қар жоққа байланысты жаңбыр болса жауып тұр. Негізі әр нәрсе өз уақытында ғой.
- Кейбір кезде болады ғой он екінші айда қар жауады. Жаңбыр жауып жатады. Биыл жылы.
Синоптиктер дәл осындай қыс 2001-2002 жылдары болды дейді. Жылы ауа райы әлі сақталады. Жаңа жылдың басында ғана қар жиі жауады. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда қатты аяз болуы мүмкін. Ал оңтүстік өңірлерде ауа райы нөлден жоғары болады. Сондай-ақ биыл көктем ерте шығады.

Жұлдыз ИСАБЕКОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК АУА РАЙЫН ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ БОЛЖАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон климаттық нормадан 1-2° жоғары болады деп күтіледі. Желтоқсан айында ғана еліміздің оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы климаттық норма шамасында болжанады. Бірақ сонымен бірге аязды күндер де болжанады.
Бірақ, дәрігерлер әр жыл мезгілі өз уақытымен болғаны жөн дейді. Ауытқу болса, денсаулыққа әсер етеді. Қазіргі ауа райы вирустарды өршітіп, жұқпалы аурулардың көбеюіне әкеп соғады.

Шолпан ДАЙРАБАЕВА, №10 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА ДӘРІГЕРІ:
Қаланың климатының күрт жылынуы салдарынан қазіргі таңда қабынулық, жедел респираторлық аурулары өте көп. Климаттың жылы болуы салдарынан көптеген бактериялық инфекциялық аурулардың жиі кездесуі байқалып жатыр.
Климаттың өзгеруі – жаһандық мәселе. Әлем елдері мәселені шешу жолдарын қазір талқылап жатыр. Болмаса, бұл, құрғақшылық, су тасқыны секілді апаттардың қаупін төндіреді.

Сәулет СӘКЕНОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ КЕҢЕСШІСІ:
Өте қауіпті құбылыс. Бұл біздің аймақ үшін қалыпты жағдай емес. Бұның барлығы климаттың өзгеріп жатқанын көрсетеді. Ол біздің өмірімізге түрлі қатерлер төндіреді. Сондықтан осы бағытта жұмыла жұмыс істеу өте маңызды. Бұл ертең болатын мәселе емес, қазір болып жатқан проблема.
Сондықтан әрбір мемлекет климаттың өзгеруіне бей-жай қарамай, өз деңгейінде шешімдер қабылдау қажет дейді мамандар.