Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Ауыл шаруашылығының дамуы тек ғылымға ғана байланысты емес, яғни кадрларға да тәуелді", - сенатор

24.11.2023ж. 20:00
891
"Ауыл шаруашылығының дамуы тек ғылымға ғана байланысты емес, яғни кадрларға да тәуелді", - сенатор

Еліміз де арнайы аграрлық университеттер мен тәжірибелік станциялар болса да ауылшаруашылық саласында тың жаңалық ашып жатқандар жоқтың қасы. Сенаторлар шаруаларға керектің бәрін шетелден алып отырмыз деп атқарушы органдардың жұмысына шүйлікті. Маман даярлауда да кемшіл тұстар көп дейді.

Қазақстанда 3 арнайы аграрлық университет, 34 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтары, тәжірибелік станциялар бар. Онда 2 жарым мыңдай ғалым жұмыс істейді. Бірақ нәтиже жоқ.

Жақып АСАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Соңғы 20 жылда бір бітпей жатқан реформалар. 9 жыл бұрын барлық ғылыми институт пен оқу орындарын біріктіретін Ұлттық аграрлық ғылыми орталық құрылды. Бірақ, басшылар шақ келмеді. Зерттеу институттары тек көшумен жүр. Бұл - реформа емес, тек имитация. +Ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатыр.

Кемшілікті ауылшаруашылық министрі де мойындайды. Бітпейтін реформалардың салдарынан ғылыми зерттеулер нәтижелерінің сапасы мен тиімділігі төмендеп кетті деген ол, салаға бөлінетін қаржы да мардымсыз дейді.

Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Аграрлық ғылымды қаржыландыру ТМД елдерімен салыстырғанда деңгейі өте төмен көрсеткіште қалып отыр. Мысалы 2022 жылы, Қазақстандағы аграрлық ғылыми-зерттеуге жұмсалған қаржы көлемі саладағы ЖІӨ-нің 0,1 пайызын ғана құрады. Бір сөзбен айтқанда аграрлық ғылымдағы жүргізілген реформалар оң нәтиже әкелмеді.

Ауыл шаруашылығының дамуы тек ғылымға ғана байланысты емес, кадрларға да тәуелді. Аграрлық университеттерді бітіргендердің 80 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа тұрады екен. Бірақ салада агрономдар, зоотехниктер, технологтар тапшы. Ал, ветеринарлардың орташа жасы 60-та. Сонда өңірлерге барып жатқан мамандар қайда?

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Биылғы бөлінген 62 пайыз техникалық-инженерлік гранттарды Алматылық университеттер алып кетті. Бірақ олардың 70 пайыз түлегі Алматыда қалып қалады. Қайтып барып сол өндіріске, қалаларға, өңірлерге қайтпайды олар ешқашанда. Сондықтан біз пилоттық жобаны биыл бердік. Көреміз қалай болатынын. 1500 грантқа сол кішкентай өңірлік университеттерге бердік.

Жастар ауылға барып, жұмыс жасауға құлықсыз. Сондықтан агрономдар, мал дәрігерлері, малды ұрықтандыратын мамандар тапшы. Десе де, жыл сайын 192 арнаулы колледжді 7 жарым мың маман бітіріп шығады.