Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Елімізде қызылшаға қарсы екпе салу жұмысы күшейеді

AstanaTV
28.11.2023ж. 20:00
795
Елімізде қызылшаға қарсы екпе салу жұмысы күшейеді

Елімізде қызылшаға қарсы екпе салу жұмысы күшейеді. 128 мың адам вакцинацияланады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов жергілікті әкімдерге қатаң тапсырма берді. «Мұндай қауіпті вируспен күресудің вакцинациялаудан өзге жолы жоқ» деді Үкімет басшысы. Эпидахуал әсіресе, Шымкент қаласы мен Алматы , Жамбыл облыстарында күрделі. Өңірлердегі жағдайды тілшілер жеткізеді.

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Ауырғандардың 82 пайыздан астамы -бала, нақтырақ айтқанда вакцина алмаған балалар. Үкімет басшысы барлық әкімдерге вакцинацияны жеке бақылауда ұстауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмысты үйлестіруі керектігін ескертті.

Қызылша-қауіпті. Асқынып кетсе, балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан онымен тек денсаулық сақтау жүйесі емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет деді Премьер-министр.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Вакцина алудан басқа мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес. вакциналаудан өзге жолмен күресу мүмкін емес. Сондықтан екпе алуды күшейту қажет. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттігі туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек.

Қараша айының өзінде 6 мың адам дерт жұқтырған. 30 бала жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3 мың жарым мыңнан астам орын ашылды. Стационарлық емделуге бүгінгі таңда 2375 бала бар. Төсектерге жатқызу 60 пайызды құрайды. Резерв 1093 орынды құрап отыр. Емдеуге жатқызу Жамбыл облысында – 92%, Алматы қаласында – 88, Түркістан облысында – 81, Шымкент қаласында 79% жоғары екені байқалады.

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ақпаратынша, қызылша негізінен балалар арасында тарап жатқандықтан ол індет немесе эпидемия деп қаралмайды. Дегенмен, ішінара шектеу бар. Мәдени іс-шараларды өткізуге тыйым салынып, жағдай толық бақылауға алынған. Ауру жұқтыру көрсеткіші жоғары өңірдің бірі-Жамбыл облысы. Ондағы эпидахуал туралы әрі қарай әріптесім Берік Жұмабай айтады.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Жамбыл облысында науқастың көп болғаны соншалық, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына сыймай жатыр. Сондықтан жақын маңдағы үш ауданға жіберілуде.

Жыл басынан бері 2398 адам қызылша дертін жұқтырған. Бүгінде 325 төсек орынға шақталған емдеу орындарында 235 адам ем алып жатыр. Ауру жұқтырғандардың 84 пайызы- екпе алмағандар.

Ерік МҰСАБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Орын жетіспеушілігі әзіргі таңда 77 пайыз, 3 аудандық ауруханалар көмектесіп жатыр, ол Байзақ, Жуалы, Жамбыл ауданы ауруханалары, жұқпалы аурулар. Күніне 20-35 жағдай тіркеліп жатыр. Республикалық бюджеттен қосымша өзімізге Жамбыл облысына 95 850 вакцина, екпе беріліп жатыр.

Дәрігерлер қызылшамен ауырып шыққан адамдарда өкпе ауруының салдары болуы мүмкін дейді. Кеселдің зардабы бірнеше жылдан кейін де шығуы ықтимал. Мамандар кейін ол балада өкпенің дұрыс жұмыс істемеуіне, не болмаса басқа да өкпе ауруларына әкелетінін айтады. Сондықтан вакцинациялауға ата-аналар түсіністікпен қараса дейді.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Желтоқсан айынан бастап 2 және 5 жастағы бүлдіршіндерді бұған дейін қызылшаға қарсы екпе алғанына қарамастан, иммундау өтеді. Сондай-ақ қызылшаға қарсы екпесі жоқ медицина қызметкерлерін вакциналау жоспарланған. Ол туралы толығырақ шымкенттік әріптесім Айзада Төребекқызы айтады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Соңғы деректер бойынша қызылшаның алғашқы диагнозымен Шымкентте 6 465 жағдай тіркелген. Соның 3 019 жағдайы зертханалық расталды. Ауырғандардың 85%-ы 14 жасқа дейінгі бала.

Ковид дендеген кезде көп балалардың дер кезінде вакцина алмауы да қызылшаның дендеуіне бірден бір себеп дейді санэпидемиологтар.

Айгүл ТҰРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауруды эпидемиологиялық талдау барысында анықтағанымыз – осы 1 жасқа дейінгі балалардың 15 пайызы ауырып отыр. Және 2 жас пен 5 жасқа дейінгі балалар 53-55 пайызға дейін ауырып отыр. Соның қатарында тағы да 5 жас пен 9 жастағылар 12 пайызға шейін аурушаңдық көрсетіп отыр. Онымен 19 бен 20 жастағылар 7 пайызды көрсетіп отыр.

Биыл 770 мыңнан аса бала егілген. Қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 миллион дозасы сатып алынды. Оның 500 мың дозасы келіп түсті. Желтоқсанда 1 миллион дозаға жеткізу жоспарланған. Ата-аналардың белсенділігі жоғары.

Юлдуз АБДРАХМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Вакцина қажет қой. Жеңіл өтеді, ауырмайды. Грипке қарсы салдырамыз...барлық қандай неге вакцина салдыруға шақырса сразу келіп салдырамыз. Аурулары жеңіл өтеді. Ауырмайды балаларым.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында қаладағы екі мектептің бастауыш сыныбындағы 115 оқушы 21 күн онлайн оқытуға көшірілген. Соның нәтижесінде вакцина алмаған балалар аурудан аман болғанын айтады мамандар. Қыркүйектегі дерекпен салыстырғанда Шымкентте қызылшаның таралуы соңғы күндері бірқалыпты.