$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тұрғындардың көкөніске жұмсайтын қаржысы 3 пайызға көбейді

29.11.2023ж. 20:00
870
Тұрғындардың көкөніске жұмсайтын қаржысы 3 пайызға көбейді

Көкөніске көп қаржы жұмсайтын болдық. Биыл екінші тоқсанда тұрғындар орташа есеппен 34 мың теңге жаратыпты. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3 пайызға артық. Бағасының қымбаттауынан ба, әлде басқадай себебі бар ма? Толығырақ "Экономика" топтамасында.

Бұрындары елге жүк көліктерімен тонналап азық-түлік ағылып келетін. Бірақ, биыл көкөніс импорты қысқарды. Қазан мен қараша айларындағы көрсеткіш бойынша қырық қабат 57 пайызға, сәбіз 45, сарымсақ 36 пайызға, бақша дақылдары 25 процентке, қызанақ 17, қияр мен картоп 12 процентке дейін азайды. Осылайша, көкөніс бағасы бір жылда 17 пайызға қымбаттады.

Ең үлкен өсім Астана қаласында болды. 35 пайызға көтерілген. Ең азы Маңғыстау облысында. 3,6 пайыз.

Қазір дүкен сөрелерінде 1 келі сәбіз – 181 теңгеден, пияз – 113 теңгеден, қызанақ – 533, қияр 457, картоп – 145 теңгеден саудалануда.

Тұрғындардың көкөніске жұмсаған шығындары орта есеппен 34 мың 300 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артық. Көкөніске Түркістан облысы көп қаржы жаратады. Өңірдегі әр отбасы айына 54 мың теңге. Қызылорда облысы 41 мың, Алматы қаласы 39 мың теңгеге сауда жасаған.

Қаңтардан бастап елімізде дәрі-дәрмек қымбаттайды. Спирттік негізде жасалған йод, түрлі тұнбалар, кардиопреппараттар, тіпті бриллиант жасылының да бағасы өседі. Мамандар дәрі бағасы айтарлықтай өсуі мүмкін дейді. Мәселен, долана-боярышник тұнбасының 100 миллилитрінің өндіруші ұсынатын бағасы 191 теңге. Бұл 395 теңгеге дейін шарықтауы мүмкін. Бұған дәрілік заттардың өндірісінде пайдаланылатын спиртке акциз салығының салынуы себеп. Фармацевтикалық зауыттар әрбір литріне 600 теңге көлемінде салық төлеуі тиіс. Ал, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті салыққа қатысты мәселенің барын жасырмады.

Қанатбек БЕРІКОВ, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Ол әлі нақты ешқандай шешім шығарылған жоқ. Ол қазір талқылауда. Бізге, медициналық және фармацевтикалық комитетінің мекен-жайына нақты бір осындай дәрінің тапшылығы пайда болды деген секілді шағым, өтініш келіп түскен жоқ. Келіп түскен жағдайларда тексеріс жүргізіледі.

Алимент төлеуден жалтарған 6 мың борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылды. Олардың жалпы қарыз соммасы 22 млрд теңге болған. Жауапсыз әкелердің ісін жасырған 825 жеке сот орындаушысы жазаланды. Құзырлылардың көмегімен 140 мың баланың пайдасына 23 млрд теңге қарыз өтеліп, борышкердің 322 мүлкі өндіріп алушыға берілді.