Солтүстік
Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Донец ауылына Астанадан құтқарушылар
баратын болды. Өйткені аталған елді мекенде 55 баспана еріген қар суының
ортасында қалған. Облыс орталығының өзінде де жағдай мәз емес. Қаладағы
жиырмаға жуық баспана суға толған. Тығырыққа тірелген тұрғындар құтқарушылардан
көмек сұрап, дабыл қағып отыр. Ал құтқарушылар үлгере алмай жатқандарын айтты.
Абзал Құрманкин сабақтайды.
Береке
ауданындағы мына 8 пәтерлі үй тұрғындары, көктем шықса, сумен алысатындарына он
жылдың жүзі болғанын айтады. Билік өкілдерінен көмек сұраудан әбден шаршаған
кей тұрғындар, қайыр болмаған соң, пәтерлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Ал
көшуге жағдайы жоқтары, сыз бен судың ортасында таң атырып отыр.
Дана
Увалиева, үй тұрғыны:
Қызым
тубдиспансерде 8 ай жатып шықты. Мен де туберкулезбен ауырып жүрмін. Барлығы
мына сыздың кесірінен. Қалалық әкімдік екі жыл бұрын көмек қолын созамыз деген.
Содан кейін хабарсыз кетті. Арасында төтенше жағдай қызметкерлері келіп, суды
сорып кетеді. Бірақ су лезде қайтадан толып қалады.
Ал
жұмысшы кентінде кішігірім Венеция пайда болды. Еріген қар Красин көшесіне
жайылып кеткен. Мұнда да жиырмаға жуық үйге су кірген.
Абзал
Құрманкин, тілші:
Қазір
тұрғындар көшенің жан-жағынан арықтарды кеңейтумен әлек. Бұқараның айтуынша,
коммуналдық қызметтер қысты күні қарды дұрыс шығармаған. Ал жуырда күн табан
астынан жылынып, лезде еріген қар ағып кетуге үлгермепті. Сондықтан да жұрт күнде
жұмыстан келе салысымен, тасқынға қарсы шараларды іске асыруға кіріседі.
Төтенше
жағдай қызметкерлері болса, барлығына бірдей қол ұшын созуға үлгере алар емес.
Құзырлы орган өкілдерінің пайымдауынша, осы күнге дейін тұрғындардан 250 өтініш
келіп түскен. Петропавлдың өзінде су астында қалған үйлердің саны жиырмадан
асыпты. Департамент мамандары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен.
Евгений
Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
Тұрғындарға
жалғыз біз ғана емес, сондай-ақ коммуналдық қызметтер мен сумен қамту кәсіпорны
да көмектесіп жатыр. Демек, барлығымыз жұмылып жатырмыз. Қазір облыс бойынша
қырыққа жуық арнайы техника мен 14 су соратын қондырғы жұмыс істеп жатыр.
Топан
су тек шаһар халқын емес, ауылдарды да әбігерге салуда. Тайынша ауданындағы
Донецк ауылында 55 баспана судың ортасында қалған. Төтенше жағдай мамандары
апатқа тап болған 153 тұрғынды уақытша жергілікті мектептерге орналастырыпты.
Таяуда құтқарушылар тасқын арнасын өзгерткендерін айтады. Төтенше жағдай
департаментінің мәліметінше, бүгінде Есіл өзенінің жағасында орналасқан
ауылдарға да қауіп төнген. Әзірге 10 елді мекеннің жағдайы қатаң бақылауға
алыныпты. Адамдарды көшіретін 38 бекет дайын тұр. Төрт түлікке де арнап 41
арнайы алаң мен 70 тоннадан артық жем-шөп қоры әзірленген.
Абзал
ҚҰРМАНКИН