Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қыздар төбелесіне не себеп?

08.12.2023ж. 20:00
1262
Қыздар төбелесіне не себеп?

Бұрын ер балалар төбелесті десе жанұшыратын едік, қазір өрімдей қыздар одан зорын жасап жүр. Сөздері жараспаса бірін-бірі балағаттап, одан қалды шаш жұлып, керек десең, аяусыз ұрады. Ол ол ма, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаудан жасқанбайды. Бұрымдылардың дәл бұлай бұлдануына не себеп? Қит етсе жұдырығын ала жүгіретін нәзік жандылар туралы мамандар не дейді? Аружан Задабектің материалын көріңіз.

Әлеуметтік желіде бірнеше қыздың төбелесіп жатқан видеосы тарады. Онда хиджаб киген екі оқушы бір бойжеткенді тепкінің астына алғанын көруге болады. Оқиға Дағыстан астанасы Махачкалада болған.

Соңғы кезде әлеуметтік желіде осыған ұқсас түрлі сұмдық тарап жатыр. Бұл жұртшылықты дүрліктіріп қойды. Жеткіншектердің есіруіне, тым қатыгездігі мен жауыздығына, бір-бірін өлтіруіне не себеп?

БЛИЦ-ОПРОС:

- Тәрбие жоқ. Үйде, бүкіл жерде. Ұлдар да жаман, қыздар да онша емес. Сондай заман болды.
- Жігітке таласады деп ойлаймын. Көшеде көріп жатамыз төбелесіп жатқандарын. Ұят!
- Ол көбінесе буллингтің әсерінен болады деп ойлаймын. Бір-бірін кемсіту, әлеуметтік дәрежесінің теңеспегенінен. Өздерінің ішіндегі бір белгісіз себептен болатын жақтырмайтын әдеттен болады деп ойлаймын.

Қыздар арасында мұндай жағдай «өтпелі» кезеңде жиі болады. Олар өз қатарластарының арасында мықты болып көрінгісі келеді. Сөйтіп ашу-ызаға жиі бой алдырады. Психологтар бала бойындағы «қатігездіктің» пайда болуына ата-ананың тікелей қатысы бар, -дейді.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Балаға ата-ана ашумен жауап қайтаратын болса, ұрысу арқылы, ұру арқылы, осы арқылы бала іштей қорқып қалады. Одан кейін күші жеткен адамдарға өз күшін көрсете бастайды. Яғни, өз-өзіне мен күштімін дегенді дәлелдегісі келеді. Одан кейін барлық адамдарды жау ретінде көре бастайды. Сондықтан да агрессия орын алып жататын жағдайлар көп боп жатады.

Елімізде буллинг сөзі заңнамаға былтыр мамыр айында ғана енді. Оған дейін бұл ұғым ешқандай құжатта бекітілмеген еді. Сондықтан елде нақты қанша бала мен жасөспірімнің әлімжеттікке ұшырайтынын тап басып айту қиын.

Кәмила ОМАРОВА, АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Қандай тәрбие көріп шығады, содан да болады. Кейбір балалар борлады, ата-анасы барын беріп, тәрбиелеп шығарса да бұзылып кететін балалар болады. Ер азаматтар болсын, қазір қыздарды көріп жүрмін. Көшеде тұрады, ұят, тіпті. Көрдім талайын.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бұрын ер балалар бір-бірінен ақша талап ететін. Қазір бопсалауға бұрымдыларда білек сыбана кіріскен секілді. Салдары кикілжін мен ұрыс-керіске алып келеді. Осындайда «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген сөз еске түседі. Қалай десек те нәзік жаратылыс иесіне төбелес жараспайтын қылық.