Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

"Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті

AstanaTV
12.12.2023ж. 20:00
710
"Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті

Тәуелсіздің күні қарсаңында «AMANAT» партиясының дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы мәреге жетті. Биыл әдеби конкурс Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған байқау партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізілді.

Партия ұйымдастырған додаға қатысушылар 5 номинация бойынша бақ сынады. Байқауда «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылды. Биыл сайысқа 300-ден астам өтініш келіп түскен. Оның 170-і ақтық кезеңге жолдама алды.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Соңғы жылдары осы әдеби сынға да назар аударыла бастады. Сол Айбозым атты үлкен байқауға былтыр әдеби сын номинациясы енгізілді. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Мына Ұлы дала байқауына да әдеби сын номинациясының енгізілуі бұл үлкен жаңалық. Былайша айтқан кезде Ұлы дала байқауының төрт табан қабырғасы түгенделді десе болады. Өйткені мұнда проза да бар, поэзия да бар, драматургия да бар. Міне төртіншісі әдеби сын да болып тұр. Келешекте де жалғасын тапса, әдеби сынның жандануына бұл өзінің септігін тигізеді. Өйткені сын болмай, әдебиет болмайды.

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысының назарында екенін айтты. Мәдениет пен әдебиетке мемлекет және партия тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін де жеткізді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал, ол құндылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да талмай айтып келеді.

Қостанайлық ақын, сатирик Абылай Мауданов байқауға «Аманат» атты шығармасын ұсынған. Доданың арнайы жүлдесін жеңіп алған жас ақын, жүлделі болғанына сене алар емес.

Абылай МАУДАНОВ, АҚЫН, САТИРИК:

Мұндай байқаулар керек деп ойлаймын. Көп байқаулардың ішінде «Ұлы Дала» қазір өзі соңғы уақытта қаламгерлердің ортасында кеңінен танымал. Сондай бір беделді әдеби байқауға айналды.

Байқауда тек ақын-жазушылар ғана бақ сынамады. Сайыста жазуға ебі, айтар ойы бар, өзге де маман иелері сынға түсті. Дәрігер Саян Сексенбаев өзінің және әріптестерінің күнделікті жұмысын, науқастардың тағдырын баяндайтын проза жазып шыққан.

Саян СЕКСЕНБАЕВ, ЖАЗУШЫ, ДӘРІГЕР:

Соңғы екі айда, аз уақыт болса да көңіл бөліп, осы медицина саласындағы өте қиын мәселелерді, жаңағы науқастардың өмірлері жайлы, өзім врач-реаниматолог болғандықтан, ол кісілерді реанимациядағы ауырсынулары, бастан өткізген оқиғалары жайлы бөлісуге барша жұртпен бекем будым.

Байқау ұлттық және рухани құндылықтарды паш ететін отандық авторлардың шығармаларын қолдап, насихаттайды. Жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан бұл сайыс шығармашыл жастарды ынталандырады дейді жас ақын-жазушылар.

.