Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Елордалық мүгедек екі күн қорлық көрсеткен фельдшер жазасыз қала ма деп қауіптенеді

AstanaTV
01.02.2022ж. 20:00
1777
Елордалық мүгедек екі күн қорлық көрсеткен фельдшер жазасыз қала ма деп қауіптенеді

Елордалық ана, мүгедек қызына екі күн қорлық көрсеткен фельдшер жазасыз қала ма деп қауіптенеді. Арнамызға арызын арқалай келген шарасыз жандар арсыздыққа жол берген ақ халаттының жұмыстан да қуылмағанын түсіне алар емес. Құзырлы органдарға арыз жазған. Содан бері 5 ай өткенімен, іс орнынан қозғалмады дейді. Мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырысқан әріптесім Әсел Дүкембаеваның репортажы.

Елордалық ана өзін де, науқас қызын да көрсеткісі келмеді. Бірақ мәселелерінің сиырқұйымшақталып кеткеніне наразы. Жаға ұстатарлық жайты жайып салды. Айтуынша, жарымжан баласына қала емханасының фельдшері зорлық көрсеткен. Маманды суық тиіп ауырып қалған соң өздері, үйге шақыртқан екен.
 
АНАСЫ:

Үйге Емдеу-7 емханасынан кешкі уақытта, жұмыс уақытынан тыс фельдшер келді. Келіп қызыңызды алып кетеміз, КТ түсіреміз деді. Маған бармай-ақ қойыңыз деді. Сосын емханаға апарып, оны зорлаған. Алдымен көзін байлап, гинекологиялық креслоға отырғызған. Содан соң өзінің арам ойын асырған.


Анасының сөзіне сенсек, қызы 2-ші топтағы мүгедек, ақыл-есі 10-15 жылға кеш дамитын көрінеді. Айтқаныңнан шықпайтын, тұйық мінезді деп отыр. Жәбірленушіден де сол жағдайды сұрап көрдік. Кейбір мән-жай жағамызды ұстатты.

II ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:

Ол мені апарды. Әкелерің сендермен тұрады ма деп сұрады,бұрын соңды қарым-қатынаста түстің ба деді. Содан соң сезініп тұрсың ба деп сұрай берді. Маған бұл құпия ешкімге айтуға болмайды деді.

Шарасыз жандар ақ халаттының әлі күнге түк болмағандай жұмыста тайрандап жүргенін айтады. Мұны анықтамақ болып, емханаға хабарластық. Алайда басшылық та, қызметкерде орнында болған жоқ. Әкімшілік басшысын жиналыста деді, ал қызметкерін,  шақырту түскен соң науқасты қарауға кеткенін айтты.  Дегенмен басы бәлеге қалған дәрігердің жұмыста жүргенін растады. Бірақ тергеу аяқталмай ешқандай ақпарат бермейміз деді. Бұл масақарадан денсаулық сақтау басқармасы да хабардар екен.

Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталмыш жағдайға қатысты Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен емхана әкімшілігі хабардар. Бұл жағдай бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл істің нәтижелері тергеу жұмыстары біткен соң жария етіледі.


Полиция департаменті тергеу әлі де жалғасып жатқанын хабарлады. Тергеудің ұзаққа созылуының себебі сараптамалардың көп болуынан деп түсіндірді. Алдағы уақытта шешім шығарылатын болады дейді заң органдары.  

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Күдікке іліккен дәрігер бізбен тілдесуге құлықсыз. Сол күнгі жайт есімде жоқ деп құтылды. Ал науқас қызын жетектеп әділдік іздеп жүрген жалғызбасты ананың талабы да жалғыз. Ол онсыз да кемтар қызын қорлағанды жауапкершілікке тарту. Ақ халаттылардың ары былғанғанын қаламайды.

Ә. Дүкембаева