Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Тобыл бойында түйе шаруашылығын түлеткен кәсіпкер

21.12.2023ж. 20:00
719
Тобыл бойында түйе шаруашылығын түлеткен кәсіпкер

Еңбек адамының еңсесі биік. Алмат Нұрмаханов Тобыл өңірінде түйе шаруашылығын түлетіп, ата кәсіппен айналысып келеді. Аймақты шұбатпен қамтамасыз етіп отыр. Шаруа шағын несиеге әуелі 5 түйе сатып алған көрінеді. Қазір ойсыл қара санын отызға жеткізді.

Тәуелсіздік алғалы бері Қостанай облысына 36 мыңнан астам қандас қоныс аударған. Алмат Нұрмаханов атажұртқа Өзбекстаннан 2003 жылы оралды. Бастапқыда кен орнында жұмыс істеген. Кейін шаһар іргесіндегі ауылға көшіп, тың кәсіп, түйе өсіріп, шұбат өндіре бастайды.

Алмат НҰРМАХАНОВ, КӘСІПКЕР:

Бала кезден түйені,біліп, көріп өскеннен кейін осында шұбаттың жоқтығы, түйе етінің жоқтығы бірінші осы бізге түйе шаруашылығын ұйымдастыруға алып келді.

Он жылдың ішінде ойсыл қара санын көбейткен шаруа ұлттық сусынмен Рудный, Қостанай қаласын қамтамасыз етіп отыр. Көршілес облыстарға да жөнелтетін көрінеді.

Балзия КӨБЕК, ӘКІМШІ:

Мейрамханамызда Рудный қаласындағы Алмат ағамыздың шұбаты қолданылады.Шұбатты қонақтарымызға ұялмай ұсына аламыз. Себебі шұбат, өте қою.Дәмі де өте керемет.

Тобыл бойында түйе шаруашылығын түлету оңай емес.Бұл өлкеде тұзды шөп тапшы. Соған қарамастан Алмат Нұрмаханов ата-кәсіпті дамытып, ісін ілгерлетіп отыр.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Тобыл бойы түйе ұстауға қолайлы емес.Өйткені бұл жерде тұзды шөптер аз.Тікенек, жантақ сияқты түйенің жейтін шөптері жоқ.Соны енді Алмат оңтүстік жақтан жантақ әкелуге талаптанып жүр.

Жұбайы Роза жыл он екі ай түйе сауып, шұбат ашытады.Балалары да қолқанат. Еңбекқор отбасы енді ұлттық сусын, тағам сататын этноауыл ашуды жоспарлап отыр. Күре жол бойындағы сервистік қызметті дамытқысы келеді.