Спорт Қазақстан
$460.15 €501.38 ₽5.11
×

Рекс Тиллерсон АҚШ Мемлекеттік хатшы болса...

AstanaTV
17.12.2016ж. 20:00
1306
Рекс Тиллерсон АҚШ Мемлекеттік хатшы болса...

Осы аптада АҚШ-ң сайланған президенті Дональд Трамп мемлекеттік хатшы қызметіне мұнай гиганты ExxonMobil-ң президенті Рекс Тиллерсонды ұсынатынын хабарлады. Бұл жаңалықтың мән беретін тұстары бар: біріншіден, АҚШ-та жетекші позициядағы мемлекеттік хатшы қызметіне – ол Американың әлеммен қарым-қатынасына жауап береді, мұнай саласынан шыққан ірі бизнесменнің тағайындалуының мүмкін екені. Екіншіден, Рекс Тиллерсон Ресейге салынған санкцияларға қарсы, онысын жасырмайды. Және бір штрих - осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей Президентінің қолынан «Достық» орденін алған.

Дональд Трамп, АҚШ-ң сайланған президенті:

Рекс ғаламдық компанияны қалай басқару керектігін біледі. Бұл мемлекеттік департаментті табысты басқаруға да көмектесетін білік. Және оның әлемдік лидерлермен қарым-қатынасы да шынымен ерекше. 

Енді Тиллерсон кім өзі? - деген сауалға тоқталсақ. Republic басылымының жазуына қарағанда Рекс 23 жасынан бері ExxonMobil компаниясында жұмыс істейді. Инженер-технолог болып бастаған. Қазір жетекшілік ететін компаниясының мысалы, былтырғы түсімі ресей ішкі жалпы өнімінің 19 пайызына тең. Мұнай алыбының  50 мемлекетте өкілдігі бар. Егер Тиллерсон кандидатурасы Сенаттан өтсе, өте жабық бизнес құрылымды басқарып келген адамға оңай емес – себебі мемлекеттік хатшы жариялылық атмосферасында жұмыс істеп, әрбір әрекеті туралы есеп беруі керек. «Exxon туралы жазу бен Ладен туралы жазғаннан қиын. Тіпті Орталық барлау басқармасы жөнінде жазғаннан күрделі болды», – деген Guardian басылымына, корпорация туралы  «Жекеменшік империя» деген кітап жазған Колумбия университетінің профессоры Стив Колл.

1998 жылы Тиллерсон Exxon құрамында жоғары басшылық қызметке келеді, сол кезден Ресейдің саяси жетекшілерімен қарым-қатынас орната бастайды. Себебі «Сахалин-1» шельфін өңдейтін халықаралық консоциумды басқарады.  2011 жылы Exxon «Роснефть» компаниясымен Арктика, Сібірдегі кеніштерді барлау мен дамыту жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қояды. TheWashingtonPost осы келісімді Рекс Тиллерсон мен «Роснефть» басшысы Игорь Сечиннің Нью-Йорктегі ең қымбат мейрамханалардың бірінде уылдырық жеп, атап өткенін еске алған. 

Ал 2013 жылы алған Ресейдің Достық ордені оның жалғыз мемлекеттік марапаты екен. Сол жылы Техас университетінің студенттерімен кездесуінде «В.Путинмен өте жақынмен» деген. Ал И.Сечин «Тиллерсонмен АҚШ трассаларында мотоциклмен жүйткуді» қалайтынын айтқан...

Мемлекеттік хатшы болып сайланбаса да, Тиллерсон ExxonMobil-ден кетеді. Себебі үш айдан 65-ке толады, бұл корпорация белгілеген соңғы меже. Ал зейнетке шыққанында «парашют» дейді ғой, $70 млн өтемақы төленеді.

Ал сайланса? Қырымды қосып алғаны үшін Ресейге салынған санкциялардан америкалық компаниялардың да кедергілерге кезіккені мәлім, оның бірі – ExxonMobil. Мысалы, 2014 жылы «Роснефтьпен» бірлесіп ашқан «Победа» кенішін игере алмай отыр. Ресейдегі барлық жобаларын қосқанда – Сібір, Арктика, Қара теңіздегі, компания 1 млрд доллар шығынға батқан. Тиллерсонның санкцияларға қарсы екенін ашық білдіруі де содан. Америкалық сарапшылар оның мемлекеттік хатшы болса да пікірін өзгерпейтінін айтқан. Себебі ExxonMobil-дің 218 млн долларлық акцияларына ие... Дональд Трамптың Ресеймен қарым-қатынастарын түзеуге ниетті екенін ескерсек, мемлекеттік хатшы болып жатса, Тиллерсонның Трампқа «иә, сөйту керек» деп сыбырлайтыны сөзсіз.