Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Инстаграмда күпінгендер...

AstanaTV
24.12.2016ж. 20:00
2888
Инстаграмда күпінгендер...

Автомобильді жақсы көрмейтін адам аз шығар. Әрине, көпшілік үшін тұрмысқа қажетті құрал. Адамның «Мен» дегенін білдіретін тұлпар көліктер де бар. Қымбат автомобиль деген құштарлық, еркіндік, "қанат қағып ұшу", ләззат. Бірақ. Бірақ рахатыңа мініп, «тыныш» жүру бар. Және өте қымбат көлікті еңбекпен табу бар да, ұрлық ақшаға міну бар... Оралдық Марат Багаутдинов машиналардың үлгілерін жинайды. Ойыншық машиналар. Әйелі «бала болып кеттің бе» деп ренжиді екен. Бала көңіл мен әлеуметтік желі – Инстаграмдағы күпінген«балалар» туралы Еркін Карин.  

Сән-салтанаты келіскен коттедж, гаражда тізілген қымбат көлік, мыңдаған доллар тұратын бағалы сағат пен әдемі киімдер... Бұл – компьютер мен смартфондардың «ішіндегі» байбатшалардың күнделікті өмірі. Ал экранның бергі бетіндегі айлығы шайлығына жетер-жетпес пенделер бұған қызығып көз тігеді. Өйткені шалқып өмір сүру – пенденің басты арманы.

Дыбыстық қыстырма: қымбат көліктер колоннасы өтіп барады

Кезінде Наполеонды тырқырата қуып, Сенадан атын суарған батыр қазақтардың бүгінгі ұрпақтары Еуропаны қазір де «тәнті» қылып жүр. Батырлығымен емес, байлығымен әрине... Атағы алты алаштан асып, қарт құрлықта гүрілдеген мына көліктер Михаил Байтазиев есімді жас жігітке тиесілі,- дейді білетіндер. Ал әкесі Талғат Байтазиев бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарған. Қасына жартылай жалаңаш сылқымдарын ерткен Михаил байбатшаның қалаған жағына демде жеткізер жеке ұшағы да бар. Ал құны миллион доллардан асатын Мерседес, Ferrari, Lamborghini мен Bugatti Veyron секілді көліктері көпшіліктің көзін қызартқалы қашан?

... Бірақ қанша тәтті болса да, ертегі де бітеді. Мәселен, шалқып өмір сүріп, Instagram әлемінде жұлдызға айналған «Куликовский» кондитерлік үйінің қожайыны Марат ЖҰПҚАЗИЕВ естеріңізде болса, экономикалық қылмыс жасағаны үшін Тайландттан экстрадицияланған еді. Мемлекетке 4 млрд теңгеден астам келтірген шығын келтірген Маратқа қазір «байтал түгіл бас қайғы» болып жүр. Бірақ әлеуметтік желіге көгенделген қаракөздерге Мараттың мұңы сабақ бола ма?

Раиса Байдалиева, психолог: 

Бай мен кедейдің арасы алшақтап кеткен қазіргі қоғам үшін бұл өте қатерлі. Өйткені қоғам әлі жетіліп-толыспады. Уақыт өзгерді, құндылықтар да құбылды. Бірақ оқыту мен тәрбиелеу әдісі өзгермеді. Ал көргеніне еліктейтін жастар әлеуметтік желіде өзінің мінсіз екендігін көрсеткісі келеді. Бірақ өмірде бұлай болмауы мүмкін. Осыдан қуыстанып, іштегі ЭГО-ны сыртқа шығарудың жолын іздейді. Бұл құбылыстың қанша уақытқа созылары белгісіз. Ата-анасын сыйлап, барға қанағат етіп, сабыр қылса уайымсыз өмір сүруге болады. Өкінішке орай, оларға осыны түсіндіру мүмкін болмай тұр.

Әлеуметтік желіге арбалғандардың "ауруы" асқына келе өмірі шырғалаңға түседі. Бұл экранның ар жағындағы әдемі ертегіге алданғандарға қатысты.

Қажымұқан Ғабдолла, журналист: 

Жақында бір інім әйеліммен ажырасам дейді. Себебін сұрасам, қымбат телефон әперіп, басым бәлеге қалды. Инстаграмдағы жұлдыздардың өміріне есі кетіп, басы айналып қалды. Жұмыстан шаршап келгенде тамағың дайын емес. Үй жинауды да ұмытты. Балаға бас ауыртпайды. Таңнан кешке дейін телефонын шұқылайды да отырады. Содан менің миымды жеп бастады. Біз қашан байимыз? Жалақыдан жалақыға өмір сүріп, ондай бола алмайтын шығармыз. Бүйтіп еркек болғаның құрысын деп, өзімді кінәлауға кірісті. Ақыры ажырасатын болдық, деп күйінген інімді не деп жұбатарымды білмедім.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 5 жарым миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады екен. Осыдан 5-6 жыл бұрын «Мой мирдің» мерейі үстем болса, қазір ғаламторға телміргендер үшін «Инстаграм» икемді. Мамандар интернет қолданушылардың көбі өзі туралы өтірік мәлімет жазатынын айтады. Әлбетте мұның бәрі сырт көзге мінсіз көріну үшін...

Ал мінсіз болуды мұрат тұтпаған оралдық коллекционер Марат Багаутдиновтың 300-ге тарта... көлігі бар. Көліктерінің ең арзаны 1500 теңгеден басталады. Ешкімге мақтанбастан көлік модельдерін 40 жылдан бері жинап келеді. Жас кезінде қол жетпес арман болған Жигулидің барлық маркалары бар. Оның бұл әуестігі баласына да жұққан. Бірақ ұлының коллекциясы темір жол саласына байланысты.

Марат Багаутдинов, коллекционер: 

Коллекционерлік - менің сүйікті ісім. Кеңес үкіметі орнаған кезде шығарылған көліктен бастап, Одақ ыдырағанға дейінгі мәшинелердің бәрін жинадым. Қазір коллекцияма үйім тарлық ете бастады. Бұл көліктерді сатсам бір қымбат мәшине алуға болады. Бірақ менің мақсатым - кішкентай балалар тарихпен танысса деген ой. Теледидардан көрген бір бөлек те, өз көзімен көрген бір бөлек қой.

Марат Багаутдинов әскери техникаларды да құрастырады. Әрбір танкінің тарихы туралы сағаттап айтуға дайын. Әзірге оның бұл көліктеріне тек мектеп оқушылары ғана қызығады. Ал ересектер... инстаграмда отыр...

Еркін Карин, тілші: 

Демек, әлеуметтік желі ішкі ЭГОңызды көрсетудің бір жолы. Бірақ виртуалды әлемге дендеген сайын, шынайы өмірден алыстайтыныңызды ұмытпаңыз. Яғни, қызығынан шыжығы көп, талас-тартысқа толы кәдімгі өмірде өзіңіздің тұлға ретіндегі МЕНІҢІЗДІ жоғалтып алмасаңыз болғаны. Өмір осынысымен қиын, әрі қызық. Аман жүріңіздер. Ал маған лайк басуды ұмытпаңыздар!

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».