Батыс
Қазақстан облысында 900-ге жуық жазасын өтеуші рақымшылық заңына ілігіп,
бостандыққа шығады. Күні бүгін Оралда 706 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Енді
осы сотталғандардың есебінен өңірдегі жұмыссыздардың қатары 1 мыңнан асады.
Еркіндікке шығатын азаматтарды жұмыспен қамту үшін жергілікті билік оларды
жұмыспен қамтуға берілер квота мөлшерін 5 пайызға ұлғайтып отыр. Қазір облыс
аудандарында да бостандыққа шыққандарды жұмысқа орналастыру туралы қаулы
қабылданған.
Әділ
Ақмолдин, БҚО прокурорының көмекшісі:
Бас
бостандығынан айыру орындарында 145 тұлға жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 40
тұлға ауыр емес, онша ауыр емес және орта дәрежедегі қылмыстары үшін сотталған.
Колониядан босап шыққан адам жұмыссыз қалмайды. Біз оны мына тиісті уәкілетті
органдармен, әкімшіліктермен бірігіп, оларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне
нақты көңіл бөлеміз.
Қалалық
жұмыспен қамту орталығынің дерегінше, биыл жазасын өтеп шыққан 46 азаматтың
28-і жұмысқа орналастырылған. Қалғандары белгілі бір кәсіпті игеру үшін қайта
даярлыққа жіберіліпті. Өйткені өңірдегі кәсіпорындар дәнекерлеуші, тас қалаушы,
жүк тиеуші секілді мамандарға
мұқтаж. Дегенмен, жұмыс берушілердің сотталғандарды жұмысқа алудан бас тартатын
кездері де болатынын айтады.
Нұрсәуле
Елеуова, Орал қаласының жұмыспен қамту орталығы директоры орынбасарының
міндетін атқарушы:
Білім
саласындағы мекеме-ұйымдар осы санаттағы кісілерді жұмысқа ала алмайды.
Екіншіден, жолыққан кісілердің мамандығына сәйкес жұмыс қарастырамыз. Өзімізге
жолыққан 46 адамның арасынан көбінің мамандықтары орта арнаулы. Осыған
байланысты біз барлық кісілерді жұмысшы ретінде жібереміз.