$498.34 €519.72 ₽4.85
×

2 қаңтардан бастап «Жібек-2» телехикасы көрерменге жол тартады

AstanaTV
29.12.2016ж. 20:00
5699
2 қаңтардан бастап «Жібек-2» телехикасы көрерменге жол тартады

«Астана» телеарнасы жаңа жылды үлкен премьерамен бастамақ. 2 қаңтардан бастап «Жібек» телехикаясының екінші маусымы көрерменге жол тартады. Алғашқы маусымда-ақ көрерменнің көзайымына айналған телехикаяның татымды түйіні болуы үшін киногерлер барын салды. Бастысы телехикаяның мазмұны өзгерген жоқ. Бұл жолы басты кейіпкер Жібектің отбасы үшін күресін көресіз. Әлі ешкім көрмеген кадрларды тілшіміздің бейнематериалынан көріңіз!

60-шы серия. Соңғы түйіннің сәтті шығуын мына түсірілім тобы жіті қадағалап отыр. Актерлердің қимылы, жан толғанысы, әр мәтіндегі сөздің қате болмауы кадр сыртындағы мамандардың бақылауында. Телехикаядағы әртістер де осал емес. Кейіпкерлерінің образын көрерменіне шынайы жеткізу үшін жанталасып жатыр.

Жас актер Әбілмансұр Серіковты халыққа танытқан Мирас рөлі. Кинодағы Жібектің сүйікті жары. Телехикаяның екінші маусымында Мирас та басқа қырынан танылады. Сүйіп қосылған жарымен отбасылық қиындықтарды қалай жеңетіні көрсетіледі.

Әбілмансұр Серіков, актер:

Сценарий мықты. Интригаға толы. Әр серияның оқиғалары бар. Бұл кино, орысша айтқанда, рейтинг дейді ғой, рейтингі жоғары. Сонысымен менің қоржыныма бір жақсы проект болды  деп  есептеймін. Көбі осы кино арқылы танып, Мирас деп барған жерлерде болсын, көшеде болсын, Мирас қой деп танып, суретке түсіп, келіп жатады. Бұрын да келетін. Бірақ дәл Жібектегідей емес.

Екінші маусымның біріншіге қарағанда рейтингтік көрсеткіші жоғары болатыны болжануда. Өйткені бұл маусымда әр отбасындағы кейіпкерлерді сын сағаты күтіп тұр. Мирастың кинодағы әкесі Асқарды да. Жан-жары дертке шалдығып, ашынадан туған баланы бағып біраз сенделеді. Асқар тағдыр тезіне көндігі ме, әлде тығырықтан шығар жол табады ма? Бұл әзірге құпия.

Әділжан Шомбалов, актер:

Биыл Асқардың басына шым-шытырық оқиғаны көптеп байланыстырған. Шын мәнінде, ер азамат ретінде,  ер кісі көптеген жайттерге тап болып жүреді. Бірақ көбіне білдірмейді. Іштен тынады. Биылғы маусымда көптеген Асқардың басында өзі түсінбейтін жағдай болады. Түсініп жүрсе де, көбіне шешімі табылмайтын жайттер өтеді. Соңына келе режиссер мен сценарий авторының мықтылығы - сол шытырықтың шешімін табады. 

Кино авторлары екінші маусымда жаңа әртістердің жұлдызын жағады. Актриса Айым Сейтметованың Жібектен кейін танылғанын жұрт біледі. Мұндай танымалдылық тағы бірнеше әртісті күтіп түр.

Мадина Ақылбекова, актриса:

Бұл сериалда сомдайтын рөлім - Зәуре. Бұл екінші маусымда пайда болатын жаңа кейіпкер. Зауре өте жас, сұлу өз дегеніне жететін қатыгездеу келген  қыз. Үлкен сынға түсетінімді  қазір де түсініп жатырмын, оған дайындалып жатырмын. Бұл жердегі әрбір кейіпкердің өзінің шындығы бар. Зәуре де өзінің әкесіне деген махабаты үшін көптеген жағымсыз әрекеттерге барады.

Телехикаяның көздегені қоғамдағы туыстар арасындағы жағдайды бүкпесіз көрсету. Сабырсыздыққа бой алдырмай, отбасылық кикілжіңді ақылмен шешуге болатынын түсіндіреді. Тіпті кейбір жанға өміріндегі қиындықтарды жеңуіне сеп болуы да мүмкін.

Айта кетейік, былтыр «Жібек» телехикаясы рейтингі жағынан отандық сериалдар ішінде көш бастады. Екінші маусым да одан асып түспесе, кем болмайды,- деп отыр шығармашылық топ. «Жібек-2» 2 қаңтардан бастап сағат 22.00-де эфирге шығады. Ендеше жаңа жылдық демалыстарда «Астана» арнасындағы су жаңа телехикаяны бірге тамашалайық. 

Айгүл ЕРМАХАН