Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Атыраулық ғалым қант диабетіне шипалы сусын өндірді

12.02.2024ж. 20:00
379
Атыраулық ғалым қант диабетіне шипалы сусын өндірді

12 ақпан – Халықаралық ғылым және гуманизм күні. Мереке 2001 жылдан бері дүние жүзінде аталып өтіледі. Тәуелсіздік тұсында елімізде 52 мың ғылыми қызметкер ресми тіркелген. 10 жылдан соң елде оның тек 12 мыңы қалды. 30 мыңы шетел асты. Мемлекет жоғалған кадрлық әлеуетті қайта қалпына келтіруге тырысып келеді. Қазір еліміздегі 414 зерттеу орталығында 22 мыңнан астам ғалым еңбек етуде. Оның 37 проценті академиялық дәрежеге ие. Отандық зерттеушілердің соңғы инновациялық жаңалықтарына Айсәуле Съезбек үңілді.

Атыраулық ғалым қант диабетіне шипалы сусын өндірді. София Сағындықова бұл өнертабысын осыдан 20 жыл бұрын, анасы ауырғанда ойлап тапқан. Жаңалығы талай халықаралық конкурста топ жарса да, өндіруге қолдау таппай келген. Енді салалық министрліктің қаржыландырумен түйе сүтінен жасалған «Софмайя» бренді халыққа жол тартпақ.

София САҒЫНДЫҚОВА, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Қант диабетінде түйенің сүті (мұнда қант жоқ, лактоза) организмге жақсы әсер етеді. Қазір көптеген аналарда сүт жетіспейді. Міне онда да қажетті өнім. Көптеген адамдарда иммунитеті төмен. Иммуномодулятор ретінде де қолдануға болады. Антибиотик қабылдаған уақытта міндетті түрде пробиотик ішу керек. Ал пробиотик ретінде осы біздің сусынымызды қолдануға болады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары төменгі сортты көмірден биотыңайтқыш әзірлеп шығарды. Микробиологтар осылайша топырақтың тұздануын қалыпқа келтіреді. Нәтижесінде дәнді-дақылдардың өнімділігі артады. Бастысы – қоршаған ортаға зияны тимейді. Өнім сұйық және ұнтақ күйінде өндіріледі.

Бекзат КАМЕНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ол топыраққа енгеннен кейін бірнеше жағымды және тұрақты эффекті береді. Төменгі сортты көмірді пайдалану Қытайда да, Еуропа елдерінде, Аустралияда кең таралған. Бірақ Қазақстанда төменгі сортты көмірдің микробиологиясын зерттеген осы зертхана болып табылады. Осыған дейін тек қана оның химиялық құрамы зерттелген болатын.

Қазір қазақ ғалымдарының саны – 22 мың 456. Ұлттық статистика агенттігінің ақпаратына сүйенсек, 25 жасқа дейінгі 1242 ғалым бар. 25-35 жас аралығында – 5415, 35-44 жас шамасында - 6443, 45-54 жас арасында – 4176 зерттеуші бар. Ал 3279 ғылыми қызметкердің жасы 55-64 арасында. 1900-інің жасы 65-тен асқан.

ГРАФИКА:

Ғалымдар – 22 456

25 жасқа дейін – 1242

25-35 жасқа дейін – 5415

35-44 жас – 6443

45-54 жас – 4173

55-64 жас – 3279

65 жастан асқан 1900