$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Таразда отқа оранған базардың қасақана өртелгені анықталды

AstanaTV
09.01.2017ж. 20:00
3156
Таразда отқа оранған базардың қасақана өртелгені анықталды

Таразда отқа оранған базардың қасақана өртелгені анықталды. Түн ортасында белгісіз екі ер адам сұйықтық шашып, жымысқы ойларын жүзеге асырған. Бұл туралы облыстық Ішкі істер департаменті хабарлап отыр. Олардың от қойып жатқаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

9-шы ықшам ауданындағы «Мыңбұлақ» сауда үйі отқа оранғанын түнгі ұйқысы бұзылған тұрғындар телефондарына түсіріп алған.  Тілсіз жау шарпыған кешен көршілес көп қабатты үйдің дәл қасында орналасқан. Ара қашықтығы 5 метр.  Абырой болғанда, баспанаға жалын тимеген.  Сауда нысанының күзетшілері де дін аман.

Данияр  Әлімқұл, тілші:

Жолындағысын жайпап өткен жалын түнгі төртте тұтанған. Өршіген өрт 18 дүңгіршектегі киім-кешек пен түрлі тұтыну тауарларының түгін қалдырмаған. Төтенше жағдай мамандары еңселі екі қабатты кешен өртін екі сағатта әзер сөндірген. Ал, бұл «Мыңбұлақ» сауда кешенінің ашылғанына бір жыл да болмапты.

Алапат өртті ауыздықтауға төтенше жағдай мамандары тез жеткенімен, түк тындыра алмапты. Өйткені тез жанғыш заттармен қапталған сауда орындары үре соққан желмен үдей түскен.

Азат Әбдіразақов,  Жамбыл облысы ТЖД басқарма бастығы:


Барлығы өрт сөндіру орнына 76 адам жеке құрам және 15 дана техника жұмылдырылды. Өрттің жалпы көлемі 450 шаршы метрді құрады.

Сауда кешенінің басшысы кімнен күдіктенетінін кесіп айтпады. Айналадағы бәсекелестерімен де алауыз болған емеспін деп ағынан жарылды. Ал 20 шақты саудагердің шығынын өтеу мәселесі қалай шешілетіні туралы да жұмған аузын ашпады.

Бауыржан Әшірбаев, «Мыңбұлақ» сауда орталығының атқарушы директоры:

Шағын орталығының несін, сіздерге қазіргі жағдайды ештеңе айта алмаймыз. Тергеу ісі жүріп жатыр. Шағын сауда орталығының жалпы аумағы 880 шаршы метр негізі. Мен сіздерге қанша не болғанын, қалай жанғанын айта алмаймын. Кешірерсіздер.

Өрттің шығу себебі бастапқыда қысқа тұйықталудан деп болжанған болатын. Алайда, базардың бейнебақылау камерасы екі адамның әдейі өрт қойған әрекетін әшкереледі. Мына көріністе екі ер адам бензинге ұқсас сұйықтығы бар бөтелкелерді базарын ішіне бағыттап лақтырғаны анық байқалады. Ал тәртіп сақшылары оларды әлі таппаған.

Гүлсара Мұхтарқұлова,  Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Күдіктілер шамамен 20-25 шамасындағы азиялық ұлт өкілдері. Сауда орталығында өрт сөндіруге арналған құрылғылардың болмағаны анықталды. Жәбірленушілердің шығыны шамамен 58 млн теңгені құрады. Өрт техникалық сараптама тағайындалды.

Сауда орталығына от қойған қос қаскөй ұсталған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Полицейлер оларды табу үшін базар басшылығы мен туыстарын түгел тергеп-тексеріп жатыр. Ал, базардағы бұқара бұл бәсекелестердің ісі деп күдіктенеді. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ