Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Келер жылы халықаралық турнир Қазақстанда өтуі мүмкін

22.02.2024ж. 20:00
258
Келер жылы халықаралық турнир Қазақстанда өтуі мүмкін

17 наурызда Ресейде Президент сайлауы өтеді. Саяси науқан қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласына барып, Владимир Путинмен кездесті. Сәттілік тіледі. Одан кейін Мемлекет басшылары «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу салтанатына қатысты. Ауқымды байқауда 104 ел бақ сынайды. Арасында ел спортшылары да бар. Киберспортшылар жарысы келер жылы Қазақстанда өтуі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қазан қаласына кеше барды. Алдымен «Татнефть» компаниясының басшысын қабылдады. Артынша Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Алда келе жатқан Президент сайлауына сәттілік тілеп, екі елдің байланысы одан әрі артатына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей Сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар.

Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс қарқынды дамып келеді. Былтыр Ресей делегациясы біздің елге келген. Сол кезде қос тараптың нақты даму бағыттарын айқындап алдық. Нақтырақ, энергетика, инвестиция саласын жетілдіру көзделді. Нәтиже жоқ емес.

Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екіжақты байланыс аса маңызды барлық сала бойынша нәтижелі көрсетіп жатыр. Мұның бәрінде екі елдің мүддесі көзделген.

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл шараға 100-ден астам елден 2 мыңға жуық киберспортшы келген. Біздің елдің ойыншылары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түседі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Сізге зор ризашылық білдіргім келеді. Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік.

Халықаралық турнирге «Астана» футбол клубында жаттығатын 10 жастағы Жан Әли Ермағамбетов те қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда балалар спортына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Қуанышбек ЕСЕКЕЕВ, ҚАЗАҚСТАН КИБЕРСПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл - жаңа формат. Біздің елде де танымал болады деп ойлаймын. Сондықтан оны дамыту маңызды. Қазір бізде стратегия, тактика және жылдамдық жағынан өте жақсы командалар бар.

Аталған іс-шараға Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері мен бірқатар мемлекеттің өкілдері де қатысты.