$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр

01.04.2024ж. 20:00
833
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр

Топан су Торғай халқын да әбден әбігерге салды. Түлігінен,мүлігінен айырылған жұртшылыққа жан-жақтан жәрдем көрсетіліп жатыр. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға тонна-тонна гуманитарлық көмек жеткізілуде. Қиындыққа тап болған адамдарға кәсіпкерлер де қарайласып жатыр. Халық қалаулылары да халықпен бірге.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Арқалық, Амангелді, Жангелдин ауданына алғашқының бірі болып «Аmanat» партиясы қол ұшын созды. 20 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді.Азық-түлік, көрпе-жастық,киім-кешек дереу зардап шеккен тұрғындарға таратылды.

Мәжіліс депутаттары Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл ел-жұртпен кездесіп, жағдайды көрді.

Еркін ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ,«AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Транспорттық инфрақұрылым өте нашар өңірде. Мына өзіміздің авиа қатынас жоқ.ТЖ тікұшақтарына жанармайды Қостанайдан әкеледі.Сондықтан Арқалықта міндетті түрде өзінің әуежайы керек.Өзінің авиа жанармай қоймасы керек.Және де Астанадан тікелей келетін тас жол керек.Соған депутаттық сауал дайындаймыз.

Гуманитарлық көмек еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатыр.Облыстың оңтүстігіне Түркістан, Алматы,Астанадан тонналаған жүк жеткен. Бір Амангелді ауданынында үш жүзге жуық отбасыға көмек көрсетілді.

Әсел ҚҰЛМАҒАМБЕТ,ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қостанай облысында осы гуманитарлық көмекті жинауға арналған 5 пункті ашылған болатын.Сол пунктерге келіп түскен заттарды тиеп, қажетті өңірлерге жіберіп жатыр.Арқалықта, Амангелді, Жангелдин ауданындағы еріктілер штабы осы келген көмекті түсіріп алып, реттеп, керекті адамдарға таратып беруге көмектесіп жүр.

Ел басына күн туғанда, елдің қалталы азаматтары мен қала тұрғындары қолынан келген көмекті аяп жатқан жоқ.Кәсіпкерлер жүк көлік толтырып қажетті заттар жөнелтіп жатса,жергілікті халық шамасы жеткенше арнайы есеп шоттарға ақша аударған.Бастаманы шаһардағы көптеген кәсіпорындар мен жоғары оқу орындары да қолдай кетті.

Дастан БЕКОВ, З.АЛДАМЖАР АТЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ:

Университет қабырғасында бастау алған бұл акция қалалық акцияға айналып кетті.Себебі су апатынан зардап шегіп жатқан азаматтарға көмектесеміз дегендер өте көп.Мына жерде заттай киімдей, азық-түлік қаншама зат жиналды.Ақшалай 700 мың теңгеге ертең біз керек жабдықтардың бәрін сатып алатын боламыз.

Шырылдаған елдің шығынын арнайы комиссия есептеуге кірісті. Президент тасқынға тап болған барлық адамға көмек көрсетілетінін айтқан еді. Зардап шеккендерге әуелгі әлеуметтік көмек те беріле бастады.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Топан су Торғай атырабындағы төрт түлікке төтеден төнді.Үйір-үйір жылқы,қоралы қой,қалың қара мал қар суымен кетті.Шаруалар жүген ұстап қалды. Жұттан аман қалған малға жем-шөп жеткізіліп жатыр.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қарғын судан зардап шеккен аумақтарға гуманитарлық көмек көрсету үшін елордада 12 қайырымдылық қор жұмыс істеп тұр. Олар киім-кешек, азық-түлік, жылытқыш секілді керекті жабдықтарды жинауда. Еріктілер 29 наурыздан бері Қостанай облысы Амангелді ауданына 30тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберген.

Шырылдаған халық еріктілерден балаларға арналған жылы киімдерді, іш киімдер мен төсек жабдықтарын, резеңке етіктерді көптеп сұрайды. Волонтерлар қолдан келгенше көмек беруге шақырады.

Әділ КАЛИКОВ, ЕРІКТІ:

Мұндай жағдайда менің қолымнан келмейді деп қарап отыруға болмайды. Қаржылай немесе заттай көмектесе алмасаңыз қабылдау орындарына барып, киім-кешектерді реттеуге қол ұшын созуға болады. Автоеріктілермен бірлесіп басқа да өңірлерге көмек жібергіміз келеді. Бірақ жолдарды су шайып кетуіне байланысты жете алмай отырмыз.

Қол ұшын созуға ниеттілердің қарасы қалың. Төтенше жағдай жарияланғалы қабылдау пунктерінде жұмыс қыза түскен.

Қастай МАХМЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазақстандықтар жарады. Ел басына күн туса барлығы бірігіп, әрдайым қолұшын созуға тырысады. Бұл тұста волонтерлардың еңбегі ерен. Енді, 18 облыстың онын су алып жатыр дегесін біз де қарап отыра алмадық. Қолдан келгенше көмек беріп жатырмыз. Қазір сырт киімдер, күртешелер мен қыстық аяқ киімдерді алып келдім.

Тілсіз жаудан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетуге көпшілік білек сыбана кіріскен. Тіпті, қайырымдылық қорларға жүгінбей, өздері керек-жарақтарды қираған елдімекендерге жеткізіп жатқандар бар. Мәселен, Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары шамамен 15 тонна жылу жинап, табиғи апат орын алған өңірлерге жөнелткен.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Ізгі іске қарапайым халықтан бөлек кәсіпкерлер де атсалысуда. Алдағы уақытта жоғары оқу орындары мен мектептерде қайырымдылық акциясына қосылмақ.