$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Шымкентте қасақана ВИЧ жұқтырған азамат 4 жылға сотталды

AstanaTV
06.02.2017ж. 20:00
2806
Шымкентте қасақана ВИЧ жұқтырған азамат 4 жылға сотталды

Шымкентте азаматтық некедегі әйелі мен ұлына ВИЧ жұқтырды деп айыпталған адам сотталды. Әл-Фараби аудандық сотының судьясы оны екі адамға қасақана ағзаның қорғаныш тапшылығы індетін жұқтырды деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Аймақтық сот мұндай сипаттағы істі алғаш рет қараған. Сот жабық  есік жағдайында өтті. Сотталушы жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Сонымен бірге 1,5 млн теңге жәбірленушіге өтемақы төлеуге міндеттелді. 49 жастағы айыпталушы өз кінәсін бастапқыда мойындамай келіпті. Тек соңғы сәтте ғана  кешірім сұраған. Сот барысында тілхатпен бостандықта жүрген айыпталушы үкім оқылған күні сотқа қатыспағаны мәлім болды.

Серік Қожамқұлов, Әл-Фараби ауданы прокуратурасының аға прокуроры:

Үкімді жариялаған күні сотталушы сотқа келмей қалды үкімді жариялағанға. Сол себептен сот үкімді сырттай жариялап, оның қатысуынсыз оны ұстауға бағытталған іс-шараларды жүргізу үшін қаулы шығарды, іздеу жариялау үшін. Бүгінгі таңда ол қылмыстық іс ішкі істер органдарына орындау үшін жолданды. Мен ойлаймын, бірер күннің ішінде ұсталып, ол түзеу мекемесіне жазасын өтеу үшін қамауға алынады деп ойлаймын.

Еске салайық, азаматтық некеге тұрған әйел 3 жасар баласымен қоса індет жұқтырғанын өткен жылы кездейсоқ білген. Ауру балаға ана сүті арқылы дарыған. Ал жолдасының 2011 жылдан бері облыстық СПИД орталығында тіркеуде тұрғаны белгілі болды. Ол негізгі талапты сақтамады, - дейді сотта жәбірленуші азаматшаның құқығын қорғаған Жаннета Жазықбаева.

Жаннета Жазықбаева, жәбірленушінің қорғаушысы, «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қорының президенті:

Өкінішке орай, біздің қылмыскеріміз ондайды мойындамады. «Мен мүлдем оны білмеймін» деп соттың барысында сөйтіп айтып келді. 2001 жылы қол қойдырып алынғаны нақты экспертизада қағазда көрсетілді.