$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда үш жол айырығының құрылысы басталады

AstanaTV
16.02.2017ж. 20:00
4039
Алматыда үш жол айырығының құрылысы басталады

Алматыда үш жол айырығының құрылысы басталады. Олардың жобасын әлдеқашан сызып, бірақ Универсиаданың өтуін күтіп отырған құрылысшылар биылдан қалмай іске кіріспек. Бұл жобалар қаладағы көлік кептелісін 20 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді деген сенім бар. Толығырақ Ришат Асқарбекұлы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматыда соңғы 15 жылда 28 жол айырығы пайдаланылуға берілген. Бұл мақсатқа бюджеттен 300 млрд теңге қаражат жұмсалған. Алайда бұл қыруар қаражатқа салынған жобалар шаһардағы көлік кептелісін түбегейлі шешкен жоқ. Универсиадаға арналған нысандардың құрылысымен айналысқан қала енді бірнеше жол айырығының құрылысын бастауға бел шеше кіріспек.

Универсиада ойындарына кедергі келтірмес үшін, жол айырықтарының құрылысы біршама кешеуілдеді. Ал осы аралықта әсіресе шығыс қақпа - Құлжа тас жолымен шаһарға кіріп-шығатын көлік нөпірі қатты өскен. Қала билігі жақында дәл осы жерден жол айырығын салуды жоспарлап отыр. Алатау ауданындағы Рысқұлов пен Емцов көшелерінің қиылысында да осыған ұқсас жағдай.

Мүмкін, кішкене босайды қаланың іші деген, ана пробкалар онша болмайды. Алдында развязка жасады, қазір қаланың ішінде жүру жеңіл кішкене бұрынға қарағанда.

Құлжа тас жолымен кіргенде қиналамыз. Кептеліс мына кольцода болады, Рысқұлов даңғылында болады. Сол екі жерде көбінесе уақыт көп жоғалтамыз. 

Оның бәрі ақшаға келіп тіреледі ғой. Салса, жақсы ғой. Қарсы емес халық.

Үшінші жол айырығы Фурманов даңғылы мен Жансүгіров көшелерінің арасын жалғамақ. Бұл «Бірінші Алматы» және Қапшағай бағытынан келетін көліктер үшін  жеңілдік тудырады. Қала әкімдігі осы бағыттағы  жол қатынасын реттеуге 4 жыл бұрын кіріспек болған. Алайда Универсиадамен қабаттаспау үшін жобаны жүзеге асыруды биылға қалдырды.Үш жол айырығының құрылысына  бюджеттен 12 млрд теңге бөлінген.

Ернұр Әбжахан, Алматы қаласы автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бөлім басшысы:

Көліктердің еркін қозғалуына жағдай жасау үшін бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспары бар. Олар: жол айырықтарын салу, көшелерді тесіп, өзге көшелермен жалғау, жаңа көлік жолдарын салу.

Өткен жылы шаһарда үш жол айырығы пайдалануға берілді. Рысқұлов даңғылы мен Момышұлы көшесін жалғайтын үлкен жоба жүзеге асып, Төле би көшесі шығыс айналма жолға қосылды. Барахолкадағы «Сәлем» базарының алды ретке келтірілді.

Ернұр Әбжахан, Алматы қаласы автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бөлім басшысы:

Бұл учаскелерде құрылыс әлі де толық аяқталған жоқ. Солтүстік айналма жолының Бөкейхановқа шығатын жері биыл іске қосылады. Абай даңғылын «Қалқаман» шағын ауданына дейін созу, ал Рысқұловтан «Жас Қанат» ауданына күре жол салу жоспарда бар.

Бұл жобаларды 5 ірі мердігер компания жүзеге асырады. Шенеуніктер жол құрылысын салуда тәжірибесі бар кәсіпорындарға таңдау жасалғанын айтады. Маңызды үш жоба 2019 жылы толықтай бітуі керек. Жүргізушілерге аталған бағыттар бойынша жол қозғалысын өзгерту сызбалары көрсетілетін болады. Жобалар аяқталған соң, көптен айтылып жүрген ақылы жол бағдарламасы да жүзеге аспақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ