Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Теміртауда атақты көрмелердегі жәдігерлердің экспозициясы ашылды

AstanaTV
16.02.2017ж. 20:00
2986
Теміртауда атақты көрмелердегі жәдігерлердің экспозициясы ашылды

Теміртаудың тарихи-өлкетану мұражайы «Жаңалықтар аймағына» шақырады. Мұнда ерекше жәдігерлердің экспозициясы ашылды. Бұйымдардың алғашқы нұсқалары әлемнің түрлі елдерінде әр жылдары өткен көрмелерге қойылған. Мұражай қызметкерлері атақты павильондардың фотосуреттері мен озық технологияларын көрермен назарына ұсынды. Келушілер жәшіктерге жасырынған экспонаттарды ашып көріп, тарихын оқуға мүмкіндік алды.

Бүгінде адамзат үшін қарапайым затқа айналған тұрмыстық техникалардың кезінде әлемдік көрмелерге қойылып жұртты таңдай қақтырғанын біреу білсе, біреу білмес. Көрмеге келген қыздардың көзі ең алдымен кір жуғыш машинаның жаңарған нұсқасына түсті. Бұл техника әу баста Париждегі көрмеде көпшілікке таныстырылған. Металл шарикті қолмен араластыру арқылы киімдерді тазартатын қондырғыға таң қалмаған жан жоқ.

Екатерина Беляева, Теміртау қаласының тұрғыны:

Қазір бір кнопканы басып, кір жуа береміз. Қолмен айналдыру қиын болғаны анық. Бұл расында да қызық. Адамдар  тұрмысты жеңілдету үшін жылдар бойы ізденді. Нәтижесінде ғылым қарыштап дамыды. Биылғы EXPO-дан да энергетика саласында ерекше жаңалықтар күтеміз.

Алғашқы радио, ұялы телефон, сенсорлық экран, рентген, жұмсақ жиһаздың атасы саналатын Вена орындығы, бәрі-бәрі ғылымның жетістігі. Ал, тігін машинасы осыдан 150 жылдай бұрын Лондонда өткен тұңғыш дүниежүзілік көрмеде ұсынылған екен.

Айжан Қуаш, тілші:

Телефон аппаратының тарихы да дүниежүзілік көрмемен байланысты. Оны алғаш рет шотландтық ғалым Александр Белл патенттеп, 1876 жылы Филадельфияда өткен көрмеде таныстырған. Дауысты қабылдап, жеткізетін қондырғы сол кезде әлемді таңқалдырса, қазір, әрине, кең қолданысқа ие.

Мұражай қызметкерлері дүниежүзілік көрмелер өткен алып павильондардың фотосуреттерін де топтастырған. Ұлыбританиядағы «Хрусталь сарай», АҚШ-тағы «Күн сарайы», Қытайдағы «Тұқым теру» нысандары мамандардың өзін таңқалдырған. Париждегі Эйфель мұнарасын да француздар кезінде дүниежүзілік көрме өткізу үшін салыпты.

Гүлім Сыздықова, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының кіші ғылыми қызметкері:

ЭКСПО қай жылдан бастап шықты, жалпы адамзатқа қосатын үлесі туралы айтқымыз келген. Жас ұрпақ бұрынғы, қазіргі ЭКСПО тарихын білу арқылы өздерінің ойларын жаңғыртып, келешекте жаңа технологияларын ойлап тауып, келешекке өздерінің керемет үлестерін қосады.

Тарихи мағлұматтарға толы көрме ақпанның аяғына дейін жұмыс істейді. Мұражай қызметкерлері биыл жазда Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесі тақырыбында да мағлұматтар жинауды жоспарлап қойған. Ол экспозиция көрермендерге келесі жылы ұсынылмақ.

Айжан ҚУАШ