$502.83 €545.37 ₽5.95
×

Пара алу бойынша жазаланғандарға «құрмет»...

AstanaTV
18.02.2017ж. 20:00
2121
Пара алу бойынша жазаланғандарға «құрмет»...

«Пара алды» деп айыпталған қостанайлық полицейлердің соты болғанда «сабақ алсын» деп апарған әріптестері үкім шыққанда ...қол шапалақтап, «қызық» қылды. 

«Рубеж» бекетінде тұрып, пара талап еткендердің сотына барған погондағылардың көптігі сондай, кейбір басылымдардың жазуына қарағанда залға сыймаған. Бұрынғы болса да әріптестерімен жаны бірдей екендерін көрсеткен – айыпталған 3 полицейдің үшеуінің де түрмеге жабылмайтыны белгілі болғанда, тасырлата қол соқты. Жол-патрульдік полиция батальонының екі қызметкері Арман Көпжасаров пен Ермек Исанов және көші-қон полициясының қызметкері Алмат Қабенов 2 эпизод бойынша айыпталды – 1. Күнбағыс тұқымы тиелген 7 КамАЗ көлігін бастап жүрген азаматтан 7 мың теңге пара алған. 2. Мас болып көлік айдаған ресейлік азаматтан 100 мың теңге алған. 

Алмат Қабенов кінәсін мүлдем мойындамады. Оны бірінші эпиод бойынша ақтап, екінші эпизод бойынша кінәлі деп тапты  - пара алуға болысу бабы бойынша. 5 млн 99 мың теңге айыппұл төлейді. Ермек Исановқа 5 млн 590 мыңға жуық, ал Арман Көпжасаров 7 жарым миллиондай айыппұл салынды. Сотталғандардың туысқандары айыппұлдардың қомақты бөлігін төлеп те қойыпты, қалғанын бір айдың ішінде төлеулері керек. Төлемесе – түрме. Олардың дүние-мүлкі де тәркіленеді. 

Сотта қол соққан қостанайлық полицейлер енді жауапқа тартылуы мүмкін. Оларға қатысты қызметтік тексеріс басталып кетті, деп мәлімет берген Жергілікті полиция қызметінің бастығы Нығмет Смағұлов, біздің меншікті тілшіміз Заңғар Санайға.

Бұған қосымша ақпарат - Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қостанайда темір жол станциясы полициясында бөлім бастығы, полиция подполковнигі 1 млн теңге парамен ұсталған... Осыларға тігінен түсетін ақпарат та бар - кеше Павлодар облысы, Баянауыл ауданы ішкі істер департаментінің қызметкерлері, полиция аға сержанттары Мұрат Нұрсейітов пен Баянбек Жүнісов шаңғыдан өтетін жарысқа Павлодарға бара жатқан 18 бала мен 4 тәрбиеші мінген автобус қарсы жолға шығып кеткен КамАЗ-бен соқтығыспауы үшін ойланбастан, тізгіндеген «Лада гранта» маркалі машинасын жүк көлігінің алдына қалқан ретінде қоя салған. Рульде отырған Мұрат Нұрсейітов қазір Павлодарда реанимация бөлімінде. Жағдайы ауыр. Б.Жүнісов жарақаттанған. Балалар да, тәрбиешілері де дін аман...  

Баянбек Жүнісов, Баянауыл аудандық ІІБ қызметкері:

Шопыр айтты соққыны өзімізге алу керек деп. Автобустағы балалар аман қалу үшін. Отбасы бар. 2 баласы бар. Уайымдап отырмыз. 

Кеңес Ақылжанов, Павлодар қалалық ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

Жағдайы ауыр. Бүгін жедел жәрдем бойынша әкелінді. Ем өткізіліп жатыр. Сүйек сынықтары, жаралары бар.