$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Қазақстандықтар несиенің батпағына батып жатқан жоқ", - Дүниежүзілік банк сарапшылары

25.06.2024ж. 20:00
341
"Қазақстандықтар несиенің батпағына батып жатқан жоқ", - Дүниежүзілік банк сарапшылары

Отандастарымыз 4 айдың ішінде 1 млрд теңгеден астам несие алған. Алматылықтар көш бастап тұр. 442 млн теңге кредит рәсімдеген. Бірақ, халықаралық сарапшылар қазақстандықтардың несиесі көп деп санамайды. Неліктен? Осы және өзге де ақпараттар "ЭКОНОМИКА" топтамасында. 

Қазақстандықтар несиенің батпағына батып жатқан жоқ. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк сарапшылары осындай мәлімдеме жасады. Былтыр проблемалық несиелер 3 пайызға дейін төмендеген. Бірақ отандастарымыздың тұтынушылық несиені көп алатыны жасырын емес. Қаңтар мен сәуір аралығында 1 млрд 132 млн 547 мың теңге рәсімделген. Жыл басынан бері 8 жарым мың адам баспаналы болу үшін ипотека алған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 16 пайызға аз. Қазір елде 558 мың адамның ипотекалық несиесі бар. Олардың жалпы қарызы 6 триллион теңге. Автонесиеге де сұраныс азайыпты. Жыл басынан бері 14 мың 500 автонесие рәсімделді. Бұл өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 10 процентке аз.

Елімізде алтын қымбаттап жатыр. 1 грамы 35 мың теңгеден асады. Бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жыл басымен салыстырғанда бағалы металдың бағасы 16%-ға көтерілген. Қазіргі экономикалық, геосаяси және қаржылық тұрақсыздықтың кесірінен алтынға сұраныс едәуір артқан дейді сарапшылар. Яғни, қаржысын алтынмен сақтауды жөн көргендердің қарасы көбейіп жатыр.

Жалақыға жан бағып жүргендер көп. Айлығы шайлығынан артылмайды. Десе де еңбекақы деңгейі бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 196 елдің ішінде 80-ші орынға тұрақтады. Қазір орташа айлық -382 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайыз артық. Егер АҚШ валютасына айырбастасақ орташа жалақы 673 долларға тең. Көршілес Ресейде 2 мың 200, Түркіменстанда 654, Белорусте 621, Өзбекстанда 351, Қырғызстан азаматтары 228 доллар жалақы алады. Ал дүние жүзінде ең жоғары жалақы Швейцарияда — 8,1 мың доллар. Алғашқы үштікте Люксембург пен АҚШ тұр.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін біршама көтерілді. 465,28теңге, Еуро - 499,53теңге, Ресей рублі - 5,33 теңге болды.