$448.44 €514.81 ₽5.33
×

Мектептерде 2-4-сынып оқушыларының аралық бағалауы өтеді

22.09.2026ж. 09:38
Мектептерде 2-4-сынып оқушыларының аралық бағалауы өтеді
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді, деп хабарлайды  AstanaTV

2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бір-бірін толықтырады және оқу процесі барысында қатар қолданылады.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Бағалау форматы пәнге байланысты:

қазақ тілі немесе орыс тілі - диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады;

әдебиеттік оқу - шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі;

математика - бақылау жұмысы. Есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу бағаланады.

Бір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы - 40 минут. Ең жоғары балл: 2-сыныпта - 12, 3-сыныпта - 14, 4-сыныпта - 16 балл.

Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады.

Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды.

1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.