$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар облысында "Дипломмен - ауылға" бағдарламасын қаржыландыру көлемі өсті

AstanaTV
26.06.2024ж. 19:42
262
Павлодар облысында "Дипломмен - ауылға" бағдарламасын қаржыландыру көлемі өсті

Ертіс өңірінде «Дипломмен - ауылға» бағдарламасын қаржыландыру көлемі екі есе өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 811,6 млн теңге бөлінсе, биыл 1,3 млрд теңге қарастырылған. Бюджет ауылдық елді мекенде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы, спорт салаларына қажет білікті мамандарды қолдауға бағытталады.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Түлібаевтің мәліметінше, өткен жылы жас мамандарға 526 көтермеақы ұсынылып, 900 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.

2009-2022 жылдар аралығында ауылға еңбек етуге аттанған жастарға алты мыңнан астам көтермеақы үлестірілді. Мамандарды әлеуметтік қолдау шараларының тағы бір бағыты – бюджеттік несие беру. Нақтырақ айтқанда, жастарға жалпы сомасы 887 млн теңге болатын 200-ге жуық жеңілдетілген несие бөлінді. Несие алу үшін маман бекітілген ауылда кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі шарт. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табады. Үстіміздегы жылы 400-ден астам көтермеақы мен 167 бюджеттік кредит бөлу қарастырылған, - дейді Дамир Түлібаев.

Бүгінгі таңда облыстың ауылдарына мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер мен агроөнеркәсіп саласына мамандар қажет. Сұранысқа ие мамандықтар әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

Сала мамандарының айтуынша, биыл ауылдық елді мекендерге барған мамандарға ұсынылатын бюджеттік несие 2 500 АЕК-ке жетті.