Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Алғабас-6» шағын ауданында апатты үй тұрғындары жаңа баспанаға кіре алмай жүр

AstanaTV
02.03.2017ж. 20:00
2429
«Алғабас-6» шағын ауданында апатты үй тұрғындары жаңа баспанаға кіре алмай жүр

Алматының «Алғабас-6» ықшамауданындағы апатты үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына кірмейтін болды. 72 отбасының мүшелері осыған наразылық білдірді. Жергілікті билік өкілдері мен бас мердігердің уәдесінде тұрмауы тұрғындардың ызасын келтірген. 200 млн теңге жұмсап, апатты үйді қайта қалпына келтірдік деген жауаптылар құрылысы аяқталған сапалы үйді бергісі келмей отырған сыңайлы. Халықтың қоныс тойын тойлауына не кедергі? Айгүл Ермахан жауап іздеді.

Айгүл Ермахан, тілші:


«Алғабас -6» ықшамауданындағы қисайған үйді «Астана құрылыс» салған. Әу баста апатты үйге бармайсыздар, сапалы үй салып, сонда көшіреміз деп сендірген жауаптылар  жеме - жеңге келгенде  тайқып шықты, деп налиды тұрғындар.

Зейнеткер Зина Нағметова №136 үйден пәтер алу үшін 30 жыл кезек күткен. Қолым енді жетті дегенде апатты жағдай орын алды. Оған да көндігіп, құрылысы басталған сапалы үйден пәтер аламын деп жүрген. Бірақ ол күннің ауылы әлі алыс,- деп налиды.

Зина Нағметова, қала тұрғыны:

Үйді салып берді, енді басқаша болып жатыр. Анау үйді жөндеп береміз. Пәлен миллионға астын көтердік. Өйттік-бүйттік, енді сонымен мына үйді өздеріне алғылары келіп, енді уговаривать етіп тұр, анау үйдің ішін жөндеп беремін, сонда барып тұрасыздар деп. Ол жерден кері кеткен соң барғым келмей тұр. Мына үй жақсы салынған. Сапалы салынған кірпішпен. Анау үйді қалай болса солай салған.

Бастапқыда үйдің қабырғасы қисайып, жұрт үдере көшкенде мәселеге билік араласып, құрылыс компаниясын жаңа үй салып беруге міндеттеген. Олар да сөзге келмей, кемшіліктерін жою үшін су жаңа үй салуға кіріскен еді. Енді құрылыс аяқталғанда 9 қабатты үйді пайдалануға беру үшін тиісті құжаттарды реттеу жұмысы созылып кеткенін алға тартып отыр.

Бағдат Мәнізоров, Алматы қаласы алатау ауданының әкімі:

«Астана құрылыс» мекемесі 200 млн-дай ақша шығарып, полностью осы үйді қалпына келтірді бүгінгі күні. Сейсмозаключениесі бар. Үй салынып тұр, көріп тұрсыздар. Бұл заң жағынан кішкене келмей тұр. Өйткені ол жарамсыз үй болса, соның орнына үйді мемлекетпен айырбастауға болады екен. Бұл қазір мемлекеттің балансында, үй басқармасының балансында тұр. Бұны айырбасқа қазір келмей тұр. Тек сот арқылы айырбастау керек екен.

Мұрат Божымов, «Астана құрылыс» компаниясы АҚ президенті:

Бұл үйдің біз фундаменті сол тұрысында тұр конструкциясы. Төменгі грунт. Просаженный грунт. Содан жоғарыдан барып су кірген. Төмендегі грунтовой  су көтерілген. Соның себебінен просадка берген. Енді соны укреплять еттік. Барлығын выровнять етіп, мықты қылдық үйді. Қазір 9 балды емес, 10 балды көтеретін шығар.

Айта кетейік, былтыр жазда «Алғабас-6» ықшам ауданында №136 үйдің тұрғындары шұғыл эвакуацияланған болатын. Ертесінде мамандар баспананың 30 сантиметрге ауытқығанын анықтады. Арнайы комиссия көп қабатты үйді апатты деп танып, тұрғындар үшін жаңа баспана салуға шешім қабылдаған. Заңды ұмытып, ойланбай шикі шешім қабылдаған жергілікті билік пен құрылыс компаниясыны ісі енді тұрғындарды әбігерге салып отыр. Апатты үйді алтынмен аптаса да, қайта бармайтынын халық кесіп айтты.

Айгүл ЕРМАХАН