$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Ақтөбе облысында 5 мың адам кәсіптік біліммен және жұмыспен қамтылады

AstanaTV
09.03.2017ж. 20:00
2263
Ақтөбе облысында 5 мың адам кәсіптік біліммен және жұмыспен қамтылады

Биыл жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы негізінде 5 мың ақтөбелік жұмыспен және кәсіптік оқумен қамтылмақ. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында партияның Сайлауалды бағдарламасының «Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал жіктерін қолдау» бағыты бойынша өңірлік комиссия отырысында белгілі болды.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2017 жылы 4 миллиард 874 млн теңге бөлінген. Жоба 3 бағытта жүзеге асырылмақ. Атап айтар болсақ, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар 1085 кадр даярлап, 757  жұмысшы маманды сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімде оқыту көзделген. Ал, екінші бағыт бойынша 1200 адамды "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, қалалар мен ауылдарда 350-ден аса тұрғынға шағын несие беру жоспарланған. Сондай-ақ, 638 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, 848 тұрғынды жастар практикасына, тағы 125-ін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қызметке орналастыру көзделген. Мүмкіндігі шектеулі жандар да аталған бағдарламадан тыс қалмайды.

Анар Даржанова, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

Бұл бағдарлама арқылы кәсіпкерлер 18 миллионға дейін қаржы ала алады. Кепілдігі жетпейтін болса, 50 пайызға, 85 пайызға дейін мемлекет кепілдік көмек көрсетеді. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қызығушылығы жоғары бұл бағдарламаға. Сондықтан олардың талап-тілектері ескеріліп, оларға арналған семинарлар өтетін болады.