Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Ақтөбеде бала саудалады деп айыпталғандарға қатысты сот процесі басталды

AstanaTV
06.04.2017ж. 20:00
2460
Ақтөбеде бала саудалады деп айыпталғандарға қатысты сот процесі басталды

Ақтөбеде жаға ұстатарлық оқиға бойынша сот процесі басталды. Қала тұрғыны Жанна Ақыласова нәрестесін 60 мың теңгеге саудалағаны үшін айыпталып отыр. Алайда, ол баланы өз еркімен бергенін айтып ақталуда. Яғни сәби үшін ақша талап етпеген, тек қазақтың ырымы бойынша баланы алған тарап қаржыны өздері ұсынған дейді. Сот процесіне қатысқан тілшіміз Жақсыбек Кемал мән-жайды білуге тырысты.

Жақсыбек Кемал,  тілші:

Нәрестенің анасы қаңтар айынан бері қамауда отыр. Бала саудасына қатысы бар деген күдікке ілінген тағы екі әйел бар. Олар ешқайда шықпау туралы қолхатпен үйлерінде болған еді. Прокурордың сөзінше, Ақаласова нәрестені сатуды Өтешова деген құрбысымен бірге бала дүниеге келмей тұрып-ақ ойластырған. Ал, айыпталушы үшінші әйел шарананы өз келініне беру үшін 60 мың теңгеге сатып алған.

Нұрлан Сандыбаев, прокурор:

Ақаласова Жанна Батырғалиевна, Өтешова Данагүл Амангелдиевна, Досақова Дина Ізтілеуовна кәмелетке толмаған адамды сатып алу, сатуды адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы, яғни ҚК 135 бабының екінші бөлігінің 1-інші тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылығын жасаған.

Басты айыпталушы Жанна Ақаласова өзіне тағылған айыппен келіспейді. Әлеуметтік жағдайы нашар, басында баспанасы да жоқ әйел жүктілігінің соңғы айларында құрбысынан балаға қамқор болатын отбасын табуды сұраған. Шақалақты алуға ниеттілер де тез арада табылыпты. Дегенмен, баланы беріп жібергеннен кейін бірнеше сағат өткенде Жанна ойынан айнып, өзі полицияға хабарласқан. Ол сотта өкінетінін, баланы берер кезде жүктіліктен кейінгі күйзелісте болғанын айтты.

Жанна Ақаласова, айыпталушы:

«Арам ойым болған жоқ. Тек ақшаға мұқтаж болғасын, жеке куәлігімді алу үшін  мен сол орамалын беретін шығар деп, соған келістім. Өзім арыз жаздым. Кінәмді мойындап отырмын. Бірақ мен қазір ойым баламды қайтарып алу. Мықты өкініп отырмын өзімнің жасағаныма».

Ал Дина Досақова "баланы перзент сүйе алмай жүрген келінімнің бауырына салу үшін алдым" дейді. Нәрестенің туған анасына ақша бергенін мойындады. Бірақ ол қаржыны тек  алғыс ретінде ұсынғанын, ешқандай сауда болмағанын айтты.

Дина Досақова, айыпталушы:

Ақша, ондай болған жоқ. Қалтамдағыны, балаларымнан сұрап, әйтеуір, құр кетпесін деп сұрадым. Баратын жері жоқ деді. Квартирасына, несіне төлесін деген оймен бердім.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Айта кетейік, айыпталушы бұған дейін  8 жастағы ұлын балалар үйіне берген. Ал, саудаға салынған нәресте сот процесі аяқталғанша сәбилер үйінде болады. Одан кейінгі тағдырын құзырлы орындар шешпек.  Келесі сот отырысының уақыты әзірге белгіленген жоқ. Қазір куәгерлерден жауап алынуда.

Жақсыбек КЕМАЛ