Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбе қаласының іргесіндегі саяжайлар суға кетті

AstanaTV
14.04.2017ж. 20:00
2994
Ақтөбе қаласының іргесіндегі саяжайлар суға кетті

Ақтөбе қаласының іргесіндегі саяжай аумақтарын су басып, 50-ден астам адам эвакуацияланды. Қалғаны туыстарын паналауға мәжбүр. Үйдің ішіне дейін су кіріп,  әбігерге түскен халық тасқынның екінші толқыны бола ма деп алаңдап отыр. «Бұл саяжай аумағында 600-ден астам аула бар. Тұрғындардың айтуынша, қазір 40 үйді су басқан. Себебі жақын маңдағы Сазды су қоймасының деңгейі соңғы бір тәулікте  бір жарым метрге көтеріліпті».

Дінямалы Әлиевтің үйін толығымен су басқан. Отбасы мүшелерін қауіпсіз жерге жіберіп, қазір тек өзі ғана жағдайды бақылап отыр. Бұл жерде 10 жылдан бері тұратын ол, «жақында ғана жөнделген үйім енді жарамсыз болып қалды», дейді. Баспананың іргетасы шөгіп,  қабырғалары сөгіле бастаған.

Дінямалы Әлиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Сылақтары түсіп қалды. Үй құлайын деп тұр. Барлық жағынан жарықтар пайда болды. Кім жөндеп береді?

Аты саяжай болғанмен, бұл жердегі үйлердің барлығының дерлік заңды құжаты бар. Халық шаһар басшылығының әрекетсіздігіне қынжылып отыр.

Бисембай Дүзелбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Төтенше жағдайлар түнде келді шақырғасын. Келіп мында 70-80 адам жүріп, ұйықтап-ұйықтап кетті. 2 машина құм сұрап сұрағанда, әкеліп бере алған жоқ. Мында 100-ге тарта, 200-дей үй  суға кетті.

Тұрғындар мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келіп отырғанын айтады. Судың арнасынан асуы қыс бойы қаладан шығарылған қардың өзен аңғарына төгілуімен байланысты дейді. Жоғарғы жақта орналасқан суқойма қазірдің өзінде толуға жақын. Ал, одан аққан су көлемін бақылап отыру мүмкін емес.

Айбек Теміралин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Ана жақта халық батып жатыр, адамдар жылап жатыр. Жол жоқ болып жатыр. Бұл мәселе қарды биыл осы жаққа, аумағына шығарды. Сол қыр түптеріне төкті. Соның бәрі осы жерге келіп жатыр. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үйі суға кеткен тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарумен ғана шектеліпті. Ал, құм төгіп, су соруға мүмкіндігіміз жоқ, дейді. Қала басшылығына хабарласқанымызда, олар да осы сарында жауап берді.

Бекболат Нұрашев, Ақтөбе қалалық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

Ол жерде тұруға болмайды. Себебі ол жерді су басу қаупі өте үлкен. Ол кез-келген жерде үлкен. Оған біз қарсы тұра алмаймыз. 

Халық мұнда тұруға болмаса, құрылыс салуға неге рұқсат береді деп ашынады. Суға кеткен аймақ қала орталығына 2 шақырымдай жерде ғана орналасқан. Кешелі бері тұрғындар өз күштерімен ағысты бөгеуге тырысып көрген. Бірақ ол әрекет еш нәтиже берер емес. Сондықтан әзірге күтуден басқа амалдары жоқ.

 Жақсыбек КЕМАЛ