Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтаудағы балабақшаларда қияр мен қызанақ өсіріледі

AstanaTV
25.04.2017ж. 20:00
3482
Ақтаудағы балабақшаларда қияр мен қызанақ өсіріледі

Ақтаудағы балабақша бүлдіршіндері көкөністер мен жемістердің қалай өсетінін үйрене бастады. Мектепке дейінгі мекемелердің бірінде көкөністерді балалардың өздері егеді. Ал аспазшылар алынған өнімнен салат дайындап, компот қайнатады.

№22 балабақша тәрбиеленушілері тырма мен су сепкіштің не екенін ерте жастан-ақ біледі.  Әрине, тұқым сеуіп, көшет отырғызатын үлкендер, ал балалар оларға су құйып, арам шөбін жұлып, дайын өнімді жинауға көмектеседі. Күн сайын ертемен бөбектер  бөбекжай ауласындағы шағын бақшаға асығады. Осымен 7 жыл балабақша өз еңбектерінің жемісін жеп келеді. Алғашқы жылы 40 келі қызанақ жинаған.  Көкөністерден өзге раушан гүлі, Ақтау үшін сирек кездесетін жылауық тал, қымыздық, өрік, алма мен алмұрт өседі. Білім бөлімінің мәліметінше, жыл сайын  әрбір балабақша мен мектепті көкалдандыру жұмысы үшін 200 мың теңге бөлінеді. Ақтауда бау-бақшасымен мақтанатын 4 мектепке дейінгі мекеме бар.

Ирина Напалкова, Ақтау қаласындағы №22 балабақша директоры:

Балалар шелекке жинап, топқа әкеледі, біз әбден тазалап, салат дайындаймыз.  Әрине, әзірге аскөк қана шығып жатыр. Бірақ балалардың бәрі бірауыздан «маған аскөк қосылған сорпа» деп сұрай бастайды.

Светлана Төлебаева, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы:

Бізде аумақты көкалдандыру үшін  қаржы қарастырылған. Биыл мектептер мен мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне 5 миллион 221 мың теңге бөлінді. Мен әзірге бақша өнімдерінен дәм татқан жоқпын, бірақ биыл міндетті түрде ауыз тиемін.  Балалар өте қуанады, ата-аналар да қолдап отыр.