Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Сириялық қарулы оппозиция өкілдері келіссөздерден кеткен жоқ - ҚР СІМ

AstanaTV
03.05.2017ж. 20:00
2604
Сириялық қарулы оппозиция өкілдері келіссөздерден кеткен жоқ - ҚР СІМ

Астаналық процестің алғашқы күні аяқталды. Келіссөзге АҚШ-ның қатысуы - сириялық мәселенің бейбіт түрде шешілуіне жасалған бір қадам, деп баға берді сарапшылар.  Жабық есік жағдайында өтіп жатқан кездесу жайында толығырақ Айбек Қосан баяндайды.

Барлық тараптың басы қосылған жиын жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Бүгін түс ауа басталған келіссөз әзірге нәтиже бере қоймаған сыңайлы. Бірқатар БАҚ қарулы оппозиция өкілдері басқосудан шығып кетті деген ақпарат таратқан еді. Бірақ ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі біздің арнаға берген сұхбатында бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. 

Ануар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қарулы оппозиция бүгін «Риксос» қонақ үйінде өздерінің кездесуін аяқтап, өз қонақ үйіне кетіп қалды. Сондықтан олар келіссөздерге қатыспайды деген ақпаратты мен растай алмаймын. Барлығы жоспарлы түрде жалғасып жатыр қазір. Ертеңгі бағдарлама бойынша келіссөздер жалғасады. Түстен кейін қорытынды баспасөз конференциясы өтеді. 

Келіссөздер барысында қауіпсіз аймақтар жайында құжатқа қол қойылады деп болжанып отыр. Егер кепіл беруші елдер бұл құжатқа қол қойса, өзге мемлекеттер бұл шешімді іске асыру керек. Сирия тақырыбы Ресей президенті мен Германия канцлерінің кездесуінде негізгі тақырыптардың бірі болды. Баспасөз конференциясында Владимир Путин ресейлік өкілдер Астанадағы келіссөздерде Сириядағы атыс-шабысты тоқтату режимін бекітумен айналысатынын айтты.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Астана және Женева форматындағы келіссөздер процесінің жандануын қолдаймыз. БҰҰ аясында сириялық мәселе бейбіт түрде шешіледі деп сенеміз. 

Сирия тақырыбы Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы телефонмен сөйлесу барысында да көтерілді. Кремльдің баспасөз қызметі, бұл тілдесу іскерлік бағытта болды, дейді. Екі ел басшылары аталған тақырып төңірегінде диалогқа қайта ораламыз деп келіскен. Сондықтан сарапшылар Астана келіссөзінен нәтиже болады деген жорамалдар айтып жатыр.

Айбек ҚОСАН