Павлодарда жылу маусымы басталғалы 2 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Тағы 2 адамды күйік шалған. Мамандар өрт оқиғаларының көбейгенін айтады. Бұған қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп дейді. Өңірлердегі жағдайды тілшілеріміз толығырақ айтады.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Павлодарда жыл басынан бері өрттен 16 адам мерт болды. Өкінішке қарай, тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Бұған - адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп.
Соңғы 2 айдың ішінде 32 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 2 адам қаза тауып, тағы 2 адам жарақат алған.
ОРАЗБЕК УӘЛИХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Басты себептері өрттердің сымдарды монтаждау және қолдану кезінде ереже бұзу. Отпен абайсыз болу. Пештерді салып, қолдану кезінде ережелерді сақтамау болып табылады.
Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында төтеншелік түрлі қауіпсіздік шараларына кірісті. Арнайы оқу жаттығу жұмыстарын жүргізіп, рейдке шықты. 700-ден астам үйге улы газды анықтайтын құрылғы орнатқан. Бірақ, бұл да мәселенің шешімі болмай тұр.
ОРАЗБЕК УӘЛИХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Пештің алдында кептірмейміз киім-кешек ағашты. Егер ақаулықтары болатын болса, уақытылы түзетіп, қалпақшасы жабылмайтын болса, соны ауыстырып, темір табақшасын қою керек. Және мұржаны тазалау керек ең бастысы.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Өрт – айтып келмейтін апат. Сондықтан да, мамандар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Қостанайлық әріптесім әрі қарай жалғастырады.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
Тобыл өңірінде жыл басынан бері 710 өрт шығып, 26 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Тағы жиырма тұрғын түрлі жарақат алған. Былтырға қарағанда биыл өрт оқиғасы жиілеп тұр, дейді департамент өкілдері.
Ережені ескермеудің салдарынан өңірде өрт оқиғасы азаймай тұр. Аймақ тұрғындары электр жабдықтарын дұрыс қолданбайды. Пеш жаққанда қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Балаларын қараусыз қалдырады.Әсіресе әлеуметтік осал топ өкілдері жіті назарда. Жылыту маусымы басталғалы 1164 үйге арнайы дабыл қаққыш қондырғы орнатылды, дейді мамандар.
ӘЛЖАН ҚАДЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жылыту маусымы басталғалы бері облыс аумағында 564 үйде мұржаларын тазалау жұмыстары жүргізілді.Сондай-ақ қырықтан астам отбасыға пештерді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тағы қырықтан астам отбасыда электр сымдарын толығымен жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2019 жылдан бері облыс көлеміндегі 10 мыңнан астам тұрғын үйге арнайы қондырғы орнатылған. Қазан айында басталған «Таза мұржа» акциясы да жалғасып жатыр.Оның сыртында «Қауіпсіздік үшін бірге», «Қауіпсіз үй» сынды қауіптің алдын алу шаралары бар. Игі бастамаға еріктілер, академия курсанттары, полиця мен жергілікті әкімдік қызметкерлері атсалысуда. Белсенді топ бүгінге дейін мыңдаған ауланы аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
Мұндай шаралар жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Мақсат - халықты кеңінен қамту, қауіптің алдын алу дейді мамандар.