$522.42 €543.89 ₽5.28
×

Қостанай облысында 3 мыңнан астам тұрғын ауыз суға жарымай отыр

10.01.2025ж. 20:00
673
Қостанай облысында 3 мыңнан астам тұрғын ауыз суға жарымай отыр

Қостанай облысы Қарасу ауданындағы 3 мыңнан астам тұрғын ауыз суға жарымай отыр. Ауданда орталықтандырылған су жүйесі атымен жоқ. 2 жыл бұрын басталған құбыр тарту жұмыстары аяқсыз қалған. Ал аудан билігі ауыз су мәселесі бір жыл ішінде толық шешіледі деп сендірді. 

Былтыр көктемде өлкедегі өзен-көлдер арнасынан асып, аудан орталығы топан су құрсауында қалған еді. Ала жаз бойы айналасы айдын боп жатты.Алайда қарғын суы мол Қарасу халқы ауыз суға жарымай жүр. Тіршілік нәрі тұрғындарға күніне екі мезгілде ғана беріледі.

НҰРТАН АҚШАЛОВ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ:

Кейбір кезде судың жетпей де қалатын кезі уақыттары болды. Сосын жұмыспен кішкене анда-мында барғанда, үйге шаруашылықпен келесің, су уже бітіп қалады. Су болмай қалған жағдайда кейбір тұрғындар құдықтары бар. Алып келеді, сатып алады ғой. Машинамен алып келіп, водовозбен. Содан барып сұраймыз.

Аудан орталығында бұрын соңды орталықтандырылған су желісі болмаған. 2 жыл бұрын тұңғыш рет құбыр тартуға қаржы бөлініпті. Бірақ мердігер межелі жұмысты толық бітірмеген. Әкімдік сотқа жүгініп, мердігер жауапсыз деп танылған көрінеді. Жұмысты аяқтауға қазынадан тағы қаражат бөлуге тапсырыс берілді.

ҚАЙРАТ ОСПАНОВ, ҚАРАСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл 2024-25-ші жылдарға арналған жаңа жоба. Биыл мемлекеттік сатып алу байқауы өткізіліп, қажетті материалдар жеткізіледі. Келер жылы бар жұмыс ауқымы аяқталуы тиіс.

Мемлекет басшысы 2026 жылға дейін ел тұрғындарын түгел таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды.Тобыл өңірінің ауылдары 90,қалалары 99 пайыз сумен қамтылған.Бұл- облыстық тұрғын үй шаруашылығының мәліметі.Ендігі кезекте 39 елдімекенді сумен жабдықтауға республикалық бюджеттен 20 миллиардқа жуық қаржы бөлу қарастырылып жатыр екен.