Семейде жантүршігерлік жағдай! Тапа-тал түсте 6-сынып оқушысын қатарластары аяусыз сабап тастады. Жауыздық танытып, ұрып-соққанымен қоймай, барлық әрекеттерін таспаға түсіріп алған. Полиция жағдайды ерекше бақылауға алды. Толығырақ Мөлдір Жақан жалғастырады.
Желіде желдей ескен бейнежазба жұрттың жағасын ұстатты. Қарап отырып, жүрегің сыздайды. Оң-солын енді ғана ажыратып үйренген балалар асқан қатыгездікпен жеткіншекті тепкілеп, орнынан құлатады. Осы мезетте кадр сыртындағылар жығылғанға жұдырық болғандай оқушыға жабылып, төмпештей бастайды.
Зәбір көрген 11 жастағы жеткіншек ата-анасыз өсіп жатыр, апасының тәрбиесінде. Ол бұған дейін де бір емес, бірнеше рет таяқтың астында қалған көрінеді. Жәбірлеушілер бұл сұмдықты өзге де оқушыларға көрсетіпті. Соңғы оқиғадан кейін полицейлер жағдайды ерекше бақылауға алды. Қылмыстық іс қозғалды.
ЕРНАР БАЗАРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жасөспірімдер полиция бөлімінде есепке қойылады. Олардың әрекеттері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияда қаралатын болады. Ал оқу орнының әкімшілігіне осындай оқиғалардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдау жөнінде нұсқау беріледі.
Зардап шеккен жасөспіріммен қазір мамандандырылған орталықтың қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
ЭЛЬЗИРА ЖҮНІСОВА, АБАЙ ОБЛЫСЫ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК УӘКІЛІ:
Зардап шеккен оқушы медициналық көмекке жүгінген жоқ, сот-медициналық сараптама аясында тексеріс жүргізілді. Оған жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Біз әрдайым оның жанындамыз.
Бұл жағдайдан соң ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы. Олар жанжалды бастаған барлық бұзақыларды мектептен шығаруды талап етіп, петиция бастады. Төрт мыңнан астам қол жиналған.
БОЛАТ ЖҮНІСБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Дәл осы балалар бойынша осыған дейін де мәселелер туындаған еді. Мұндай проблема барлық өңірде бар және ол тез арада шешімін табуы тиіс.
Оқиғаға қатысты жасөспірімдер ғана емес, оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары да қатаң жазаға тартылады.