Астанадағы университеттердің бірінде жұмыс істеген әйел ақылы бөлімде оқитын студенттерге жалған уәде беріп, 3 млн теңгеден астам қаржы жинап алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, ол ақылы түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу секторында жұмыс істей отырып ол студенттер мен олардың ата-аналарын академиялық үлгерім, грантқа ауыстыру және стипендияны қайтару мәселелерін «шешіп» беремін деп сендірген.
«2023-2024 жылдар аралығында ол алаяқтық жолмен 3 млн теңгеден астам қаржыны иемденгені анықталды. Оның әрекетінен 15 адам зардап шеккен. Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді», - деп хабарлайды прокуратура.
Ол студенттер мен ата-аналарынан алған ақшаны қайтарып берген. Кінәсін мойындаған.
«Сот залалды өтеп бергенін және кәмелетке толмаған балаларын ескере отырып, оны 3 жылға бас бостандығынан шектеді. Үкім заңды күшіне енді», - деп хабарлайды прокуратура.