Астанада 2025 жылдың басынан бері жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен 336 жүргізуші жауапқа тартылды. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 684-бабының 1-бөлігіне сәйкес 610 және 611-баптары бойынша 1 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру; 100 АЕК-ке дейін айыппұл; 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
«Жұмабаев пен Бөлекпаев көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды. Қиылыста тұрған «Хавал» көлігін артынан соғып кеткен ер адам көлігіне отырып, оқиға орнынан ізін суытқан. Жедел-іздестіру шаралары мен бақылау камераларын талдау барысында жедел-іздестіру тобы кінәлі – Renault Duster көлігін жүргізуші куәлігінсіз басқарған азаматты анықтады. Жиналған материалдар сотқа ұсынылып, ер адамды 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды», - дейді қалалық ПД.
Елордалық полицейлер мұндай заңбұзушылықтарды анықтап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды еске салу жұмыстарын жалғастыруда.
«Құрметті жүргізушілер! Жазатайым оқиға болған жағдайда оқиға орнынан кетпеңіз. Зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетіңіз және полицияны күтіңіз. Жазатайым оқиға орнынан қашу жауапкершілікке әкеледі және одан да ауыр зардаптарға апаруы мүмкін», - деп ескерту жасады ПД.