$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда екі аяғынан айырылған қыздың жағдайына қатысты дәрігерлер түсінік берді

AstanaTV
19.06.2017ж. 20:00
2749
Алматыда екі аяғынан айырылған қыздың жағдайына қатысты дәрігерлер түсінік берді

Алматыда екі аяғынан айырылған қыздың жағдайына қатысты дәрігерлер түсініктеме берді. Бақытсыз жағдайға тап болған бойжеткенге неліктен мұндай ота жасалғанын түсіндірді. Өзара кеңес құрған ақ халаттылар қыздың өмірін сақтап қалу үшін осындай шешім қабылдапты. Ал Екатерина Парафиеваның туыстары тергеу органдары кінәлі тарапты анықтап, тиісті жазасын беруді талап етті.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бүгін түсте қалалық денсаулық сақтау басқармасы шұғыл брифинг өткізіп, апатқа түскен қыздың жағдайына қатысты түсініктеме берді. Сенбі күні Екатерина Парафиеваның екі аяғын да кесіп тастағаны туралы ақпарат тараған болатын. Дәрігерлер оның себебін түсіндіруге тырысты. Консилиумда травматолог, хирургтар мен тамыр хирургтары бірігіп, бірауыздан жоғарғыдай шешім қабылдаған. Олардың айтуынша, қыздың өмірін сақтап қалу үшін осыдан басқа жол болмапты.

Нұржан Исабеков, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Аяқ сүйегінің ашық жарақаты арақашықтығы өте үлкен болғандықтан, операция кезінде қаралып, ампутация деген ұйғарым келісімге келді. Ол, ампутация жасау, консилиум ретінде, ауруханада орналасқан профессорлар, керекті дәрігер-мамандар қарап, осындай шешімге келді. Сондықтан мынау жұмсақ тканьдерін қалпына келтіру мүмкін болмады. 

Үш күннен бері өмір мен өлімнің арасында жатқан қыз есін енді жиған. Көп қан жоғалтқандықтан, дәрігерлер оған қосымша қан құйып жатыр. Екатеринаның қасында психолог мамандар да бар. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен бірге журналистермен кездесу үшін науқастың туыстары да жиналды. Олар көлік апатына қатысты тергеудің ашық жүргізілуін сұрап отыр.

Евгений Парафиев, Е. Парафиеваның ағасы:

Бұл жерде бірнеше фактор бар. Ең маңыздысы - жолдағы люктің неліктен ашық жатқанын анықтап, тиісті адамдар жазасын алуы тиіс. Ал жол-көлік оқиғасына қатысты қай жүргізушінің кінәлі екені тергеуден соң анықталады деп ойлаймын. Оқиға орын алғанда көлік жүретін бөліктегі люктің ашық жатқанын фотоға түсіріп алдық. Полиция хаттама толтырғанда, оны да іске тікті.

Оқиға 16 маусым күні Тұңғыш Президент саябағы маңында болған. Көліктер  батыс бағытқа жылжып келе жатқанда соқтығысқан. Екі қыз мінген «Honda» көлігі ашық люкке түсіп кетіп, дөңгелегі жарылып тоқтап тұрады. Артында келе жатқан сұр түсті Toyota Camry басқа жолаққа түсе бергенде, оның артында келе жатқан автобус бар екпінімен соғады. Апат кезінде жолдың бойында тұрған екі қызды Тойота жаншып өткен.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Екатеринаның туыстарынан «Тойота камри» көлігінің жүргізушісі кешірім сұраған. Ішкі істер департаменті Қылмыстық кодекстің 345 бабымен, яғни жол ережесін сақтамау кесірінен адам денсаулығына зиян келтіру дерегі бойынша, іс қозғаған. Егер олардың қылмысы дәлелденсе, 2 жылға дейін сотталуы мүмкін немесе 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Дәрігерлердің сөзінше, қыздың алты  ай өткен соң, протез киюге мүмкіндігі болады. Қазір қоғамдық қорға қайырымдық көмек ретінде 7 млн  теңге қаражат жиналған.