$518.31 €567.96 ₽6.03
×

Қостанайда 7 жастағы қыздың өліміне байланысты іс қозғалды

07.04.2025ж. 20:00
84
Қостанайда 7 жастағы қыздың өліміне байланысты іс қозғалды

Қостанайдағы Қобжановтар отбасы ауыр  қайғыға душар болды.Қаршадай қызынан айрылып қалды.Бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді , қабырғасы қайысқан ата-ана. Олар тиісті мекемелерге арыз жазған. Полиция сотқа дейінгі  тергеу басталғанын  хабарлады.

28 ақпанда  7 жастағы Раяна жөтеле бастаған соң анасы  дереу  учаскелік дәрігерге апарып қаратқан.Қаладағы нөмірі үшінші емхана мамандары антибиотик  жазып беріп, жазылып кетеді деп жібере салыпты.  Бірақ бүлдіршіннің дерті өршіп,қызуы көпке дейін түспей қойған көрінеді.Тек наурыз айының ортасында облыстық балалар ауруханасына жатқызылады.Көп ұзамай екінші сынып оқушысы көз жұмған.  

РҮСТЕМ ҚОБЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осы іспен тиісті мекемелер  айналыссын,тиісті  сараптамалар тағайындалсын.21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз.Ал жай ғана суық тиген баланы өлім аузынан құтқара алмау деген масқара ғой. Сондықтан жауаптылар  жазасын алсын.


Емхана басшылығы  ештеңе айтпаймыз  деп жалтарды.Учаскелік дәрігер орнында жоқ болып шықты.Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі   жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.  

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Денсаулық сақтау басқармасы баланың қайтыс болуына байланысты тергеу жүргізу үшін жұмыс тобы құрылғанын хабарлайды. Тергеу шеңберінде мән-жайларға жан-жақты талдау жүргізілетін болады. Сондай-ақ, баланың туыстары емдеу мәселелері бойынша денсаулық сақтау басқармасына жүгінбегенін атап өтеміз.


Раянаның ата-анасы  медициналық  және фармацевтикалық  бақылау депертаменті мен полицияға арыз жазған.  Сотқа дейінгі тергеу басталды.

КАРИНА БАЗАРБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі уақытта тиісті сараптама тағайындалды. Сонымен қатар облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінде тексеру тағайындалады. Осы факті бойынша процестік шешім сараптама және тексеру нәтижелері бойынша қабылданатын болады.


Айдың- күннің аманында баласынан айрылып, аңырап қалған ата-ана жауапсыз дәрігерлерді  жауапқа тартқызбай қоймаймыз деп отыр.