Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қарағандылықтар орталық саябақтағы ағаштарды кесуге қарсы шықты

AstanaTV
21.07.2017ж. 20:00
3795
Қарағандылықтар орталық саябақтағы ағаштарды кесуге қарсы шықты

Қарағандылықтар орталық саябақтағы ағаштарды кесуге қарсы. Жергілікті билік саябақты қайта жөндеу үшін жасыл желекті отап, орнына көңіл көтеру және спорт аттракциондарын орнатпақшы. Алайда жұрт қаладағы ең тыныш орынға тиіспеуін қалайды. Сондықтан билік өкілдерінен тұрғындар пікірін ескеруді талап етті. 

Ольга Толкачева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Бұл жерді қаланың өкпесі деуге болады. Флорасы ерекше. Бізге шуылдаған музыка керек емес, табиғи тыныштық керек.

Дмитрий Калмыков, «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің директоры:

Облыс әкімі саябақты қайта жөндеуге байланысты қоғамдық тыңдау өткізіп, тұрғындар мен кәсіпкерлердің пікірін ескеруді ұсынған. Бірақ ондай жиындарға ешкім бармапты. Яғни қоғамдық тыңдау болмаған.

Қала билігі ағаштарды кесуді бастаған. Бүгінге дейін қанша ағаштың тамырына балта шабылғаны беймәлім. Экологтардың айтуынша, орталық саябақты Қарағандының алғашқы құрылысшылары салған. Ерекше тарихи орын саналады. Мұндағы қарағайларға 60 жыл болған. 3 жылға жоспарланған жөндеу кезінде көлшіктер де өзгертілмек. Әкімдік өкілдері, кесілген ағаштардың орнына жаңасын отырғызамыз, дейді. Алайда, бағалы қарағайдың орнына қарағаш отырғызылады деп алаңдаған тұрғындар мәселенің мән-жайын анықтауды сұрап, қоғамдық кеңеске шағымданды. Тұрғындардың наразылығынан кейін саябақта ағаш кесу тоқтатылды. Басшылар, өтемақы көлемі белгіленгенше, ешбір ағаш кесілмейді, деп уәде берді.

Татьяна Шатохина, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының әкімі:

Ағаштарды кезең-кезеңімен отырғызамыз. Қылқан жапырақтылар мен жай жапырақтылар жеке-жеке саналады. Аумақтарына емес, түрлеріне қарай егіледі.