Алматыда қоғамдық көліктерде
жүру ақысы қымбаттады. Бұдан былай қолма-қол ақша берсеңіз 150 теңге төлейсіз.
Бүгіннен бастап жергілікті билік қоғамдық көліктердегі тариф саясатын
әртараптандыру жүйесін енгізді. Төлем картасымен қатынайтындар үшін жолақы
80 теңге болып қала береді. Ал бірегей төлем картасымен 10 рет үздіксіз
қатынаған жолаушыға келесі жол ақысы 70 теңгеге түседі. Осылайша қала билігі
қоғамдық көліктердегі баға саясатын оңтайландырып, көлеңкедегі қаржы айналымын
заңдастырмақшы. Бүгін жарты күнде-ақ бұл бастама өз нәтижесін бере бастаған.
Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
электрондық билет жүйесімен төлем 48 пайызға артқанын айтады. Бір күнде қалада
26 млн теңге жиналса, бүгін түскі сағат 14.00-ге дейін 23 млн теңге қазынаға
түскен. Алматыда «Оңай» төлем жүйесі осыдан 2 жыл бұрын ақша айналымының
ашықтығы үшін енгізілген еді.
Мақсұт Исахов, Алматы қаласы
жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Адамдардың барлығын электронды
төлемдерге өткізу, біріншіден, адамдардың өздеріне қажет. Ол дегеніңіз, біз
тасымалдаушыларға айта аламыз: Сіз осыншама ақша тауып жатырсыз, жүргізушілерге
мұнша жалақы төлеу керексіз, автопаркті жаңартуға тиіссіз деп. Ал қолма-қол
ақша жинағанда, білмейтін едік, сондықтан талап ете алмайтынбыз.