Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Ерлан Біләлдің құрықталуына зиялы қауым өкілдері алаңдаушылық танытты. Олар Әуезов атындағы драма театрына жиналып, мәлімдеме жасады. Актерді қолдауға Лермонтов және Сац атындағы орыс театрлары мен Республикалық корей музыка театрының жетекшілері де келген. Ерлан Біләлдің үзеңгілестері сот санкция бермей тұрып, әлеуметтік желілерде тараған фотосуреттерге қатысты алаңдаулы. Олар күдіктінің құқығы бұзылды деп есептейді. Және оны қасақана таратқандар жауапқа тартылсын дейді. Ерлан Біләлдің алдағы уақытта сахнаға қайта оралуы қажет екенін айтты.
Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі, Қазақстан театрлар қауымдастығының президенті:
Біздер Жапонияға кеткенде, коллектив одан келіп демалып жатқанда, бәрі театрдың ішіне орнатылыпты. Ал ол үйінде демалып жатқанда, қайта-қайта шақырған. Сосын осындай жағдайға душар етіп отыр. Ол шығармашалық адамы. Болашақта актерлігін жалғастырар, бірақ осы әрекет бүкіл өнер адамдарына кір жағып отыр.
Жемқорлыққа
қарсы күрес қызметінің өкілдері өткен жұмада театр директорын «пара алмақ
болды» деген күдікпен ұстаған. Яғни Ерлан Біләл театр аумағында балаларға
арналған жаңа жылдық бағдарламалар өткізу үшін заңды тұлғадан ақша талап етті
деген күдікке ілінді. Ал жаңа жылдық демалыста қойылым ұйымдастыру үшін «Сезам»
қуыршақ театры соңғы 20 жылда театрдың залын жүйелі түрде жалға алып келген.