Қызылжарда ертеңнен бастап тағы бір негізгі көпір жабылмақ. Жарты ғасыр жөндеу көрмеген нысанда ірі шұңқырлар пайда болған. Жөндеу жұмыстары 2 айға созылмақ. Қазір шаһардың «ДСР» ауданындағы көпір де бастан аяқ ауыстырылып жатыр. Сөйтіп, облыс орталығына оңтүстіктен және солтүстіктен кіретін екі негізгі жол бөгелмек. Көлік жүргізушілері бір уақытта қолға алынған ірі жаңғырту жұмыстарын қалай қабылдады? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.
Абзал Құрманкин, тілші:
Араға 2 ай салып, Қызылжардың екінші қақпасы да жабылғалы тұр. Осының кесірінен көлік қатынасы қиындамақ. Себебі бұдан былай жұрт негізгі магистральдармен емес, тап-тар қосымша жолдармен жүруге мәжбүр.
Ұзындығы 345 метр болатын мына металл көпір солтүстіктен келетін қонақтарды Есілдің арғы бетіне жеткізіп отырған. Алып нысан 1961 жылы бой көтерді. Осы уақытқа дейін жүктің кез-келген түріне төзімді болған көпір биылғы су тасқынына шыдас бермеді.
Қайырбай Сәдуақасов, «Қазавтожол» ҰК» СҚОФ директорының орынбасары:
Мамыр айында айналма жолдарды су басып, қалаға осы жақтан кіретін барлық көліктерді металл көпір өзі арқалап келген. Салдарынан нысанның орта белінде шұңқыр пайда болды. Біз оны уақытша металл пластиналарымен жамап тастадық. Кейін арнайы комиссия бұл жерде орташа жөндеу жұмыстарын қолға алу керектігін шешті.
Жоба құны 125 миллион теңгеге бағаланып отыр. Жөндеу жұмыстары 3,5 айға созылмақ. Мердігерлер бастапқы екі айда жолды қалпына келтіріп, кейін көпірдің тіреуіштерімен айналыспақ.
Бахтияр Смағұлов, мердігер компания директорының орынбасары:
Ең алдымен көпірдің деформацияланған бөліктері ауыстыралады. Кейін көпір ортасындағы шұңқырды түгел бетондап тастаймыз. Сәйкесінше, көпір ішіндегі және маңайындағы асфальт жаңадан төселеді. 2 айдан соң көлік қозғалысы қайтадан қалпына келтіріледі.
Көлік қозғалысының қиындайтынына қарамастан, темір тұлпар иелері көпірдің жабылатынына, керісінше, қуанып отыр. Шұрық-тесік жол жүргізушілердің титығына тисе керек.
Сергей Ребрий, көлік жүргізушісі:
Көпір жөнделмей жатыр. Мен бұл жерден күнде өтемін. Көктемдегі шұңқырларды көрсеңіз, төбе шашым тік тұрар еді. Қазір оны металлмен жауып тастапты. Машина құлап кетсе ше? Құдай сақтасын. Жөндеу керек. Айналма жолмен қатынаудың жарасы жеңіл. Екі ай шыдауға болады. Ең алдымен қауіпсіздікті ойлау керек.
Ал «ДСР» ауданында тамыздың ортасында жаяу жүргіншілердің жолы біржолата бөгелмек. Мұндағы көпірдің жөнделуі сәуір айында басталған. Маусымда көліктер мен автобустардың қатынауы тоқтатылды. Қала шетінде тұратын адамдар осы уақытқа дейін құрылысшылармен қабаттасып жүретін. Енді жол жаяу жүргіншілер үшін де жабылмақ.
Қайырбай Сәдуақасов, «Қазавтожол» ҰК» СҚОФ директорының орынбасары:
Көпір жабылғасын адамдар темір жолды аттап жүруі мүмкін. Сондықтан, бұл ағаттыққа жол бермес үшін, біз аялдаманы бері жылжытамыз. Ал көпір маңайын полицейлер күзетіп, жұрттың темір жолмен жүрмеуін бақылайды. Бұл қазанның біріне дейін жалғасатын шара.
Абзал Құрманкин, тілші:
Сөйтіп, қазан айында Қызылжарда көлік қатынасы қайтадан жанданбақ. Айта кету керек, «Қазавтожол» өкілдері қаланың солтүстік кіреберісінде 4 жолақты су жаңа көпір тұрғызуды жоспарлап отыр. Жоба келесі жылы іске асырылуы мүмкін. Ал қазіргі металл көпір таза жаяу жүргіншілердің қолданысына берілмек.
А.ҚҰРМАНКИН