Өскеменде «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында тұрғындар тегін кеңес алды. Қала орталығындағы Арбатта ұйымдастырылған шараға Әділет және Полиция департаменттерінің мамандары, адвокаттар, нотариустар мен сот орындаушылары қатысты. Көпшілік мұрагерлік рәсімдеу, сот шешімдерін орындау және медициналық көмектің құқықтық аспектілеріне қатысты сауалдарына жауап алды. Сондай-ақ, «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшылары қаржылық сауаттылық бойынша кеңес берді. Егер мәселе күрделі болса, азаматтар бірден тиісті мамандардың қайта қабылдауына жазылды. Аманаттықтардың айтуынша, бұл бастама халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта мұндай көшпелі қабылдаулар облыстың шалғай аудандары мен ауылдарында да жалғасын таппақ.
ЖАНАТ МЕКЕЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Соңғы уақытта біз тек облыс орталығымен шектеліп қалмадық. Партия жобасы аясында ауылдық елді мекендерге де шығып, тұрғындарға консультациялық және қаржылық көмек көрсетіп келеміз. Мақсатымыз - ауыл халқына адвокаттар мен нотариустардың кәсіби көмегін қолжетімді ету. Ең бастысы, жай ғана кеңес беріп қоймай, әр адамның мәселесінің соңына дейін шешілуіне нақты әрі практикалық тұрғыда көмектесу.
РАУШАН НҰРСАДЫҚОВА, ШҚО ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Халық мұндай қызметтің бар екенін біледі, сондықтан белсенді жүгінеді. Сұрақтар өте көп, әсіресе азаматтар жеке сот орындаушыларына, сот шешімдерінің орындалуына қатысты жиі сұрайды. Сондықтан мұндай акциялар өте пайдалы және қажет деп есептеймін. Бұл шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеріп қана қоймай, кеңесті кез келген жерде алуға мүмкіндік береді.