$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елде жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптар күшейтіледі

Елде жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптар күшейтіледі

Қарыз күлмекке жақсы, өтемекке қиын. Бүгін Мәжіліс қабырғасында осы мәтелдің заңдық шеңбері қайта сызылды. Депутаттар жеке сот орындаушыларының жұмысын түбегейлі өзгертетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді сот орындаушысы кез келген уақытта есігіңізді қағып, шотыңызды бұғаттай алмайды. Заңның тісі кімге батып, кімді арашалайды? Толығырақ әріптесім тарқатсын.

Қазақстанда миллиондаған адамның шоты бұғаттаулы. Осы күнге дейін сот орындаушылары 70 мың теңге қарызыңыз болса, оған тағы 20 пайыз өз тәбетін қосып келді. Енді бұл жүйе келмеске кетеді. 147 мың теңгеге дейінгі айыппұл мен салықты мемлекеттік робот өндіреді. Яғни, делдалға артық төлем жасамайсыз. Бұл - халықтың қалтасында қалатын 2 жарым миллиард теңге.

ДМИТРИЙ КОЛОДА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз өндіріп алу шегін 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту арқылы азаматтарды сот орындаушысының қызмет ақысын төлеуден босатамыз. 2025 жылдың тәжірибесі көрсеткендей, халық осы арқылы 2,4 миллиард теңге үнемдеді. Бұл әлеуметтік маңызы бар шешім.

Заңның тағы бір өткір тұсы - алимент пен бала тағдыры. Осы күнге дейін баласымен кездесу тәртібін бұзғандар бірден қара тізімге ілініп, шетелге шығу, жүргізуші куәлігін пайдалану құқығынан автоматты түрде айырылатын. Депутаттар мұны негізсіз шектеу деп таныды. Енді мұндай қатаң шара қасақана жалтарушыларға ғана қолданылады. Бірақ, заңды тұлғаларға талап күшейеді. Жалған мекенжаймен жасырынған компания басшыларына нақты іздеу жарияланады.

БЕКБОЛАТ МОЛДАБЕКОВ, ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Алимент төлемдерінің мақсатты жұмсалуын бақылау басымдық. Сонымен қатар, енді баламен араласу тәртібіне қатысты борышкерлер бірден қара тізімге енбейді. Тек сот шешімін жүйелі түрде орындамаса ғана шектеу қойылады. Бұл  ата-ана мен бала арасындағы адами қатынасты сақтау үшін жасалған қадам.

Жеке сот орындаушыларының өздері де бақылауға алынады. Бұған дейін кейбір сот орындаушылары өндірілген ақшаны өз шоттарында ұстап, банк құпиясына сілтеме жасап, ақпарат бермей келген. Сондай-ақ, енді Әділет министрлігі кез келген сот орындаушысының шотын тексере алады. Біліктілігі жетпесе немесе ақшаны кешіктірсе лицензиясынан айырылады. Ал мүлікті сатудағы секундтық аукциондар тоқтатылды. Енді батырманы кім жылдам басады емес, кім жоғары баға ұсынады, сол жеңеді.

НҰРЖАН АРЫНҒАЗИНОВ, ЖСО ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз 251-бап аясында сот орындаушысының жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынамыз. Бұл сот орындаушысының жауапкершілігін қарастыратын арнайы норма, диспозицияны кеңейтіп, негізгі бұзушылықтарды, соның ішінде ақша сомаларын ұстап қалу, уақтылы аудармау бойынша бұзушылықтарды көрсетіп, оларды нақтырақ жазып, баптың санкциясын қатаңдатуды ұсынамыз.

Үйінен айырылу -кез келген адам үшін трагедия. Сондықтан заң жобасы борышкерлерді көшіру туралы кемінде 10 күн бұрын хабарлауды міндеттеді. Бұл- адамның бас сауғалайтын пана іздеуіне берілген уақыт. Егер құжат екінші оқылымнан өтсе, сот орындаушылары жазалаушы емес, заңның нақты қызметшісіне айналады.