$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ШҚО-да «AMANAT Керуені» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда

AstanaTV
06.05.2026ж. 19:00
ШҚО-да «AMANAT Керуені» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда

Шығыс Қазақстанда «AMANAT» партиясының облыстық филиалы «AMANAT Керуені» әйелдер қанатымен бірлесіп, маңызды әлеуметтік жобаны бастады. Екі ай бойы өңірдегі жетекші клиникалардың дәрігерлері ауыл тұрғындарына медициналық тексеру жүргізеді. Сонымен қатар, мамандар заңгерлік кеңес беріп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі бойынша қолдау көрсетеді.

Самар ауданының шалғай елдімекендерінде аурухана жоқ, тек фельдшерлік пункттер жұмыс істейді. Көпшіліктің облыс орталығына баруға мүмкіндігі бола бермейді.

ЗАРИНА КАМАСОВА, ЖШС ДИРЕКТОРЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз Самар ауданында окулист маманының жоқтығына 10 жыл болғанын білеміз. Сондықтан арнайы жабдықтармен және мамандармен толық диагностика жүргізуге келдік. Диагноз қойып, көзілдірік жазып береміз. Бізбен бірге «Оптика» да келді. Мұндай акциялар өте қажет деп есептеймін, өйткені біз қалаға емес, нақты ауылға келіп отырмыз.

 «AMANAT Керуені» арқасында ауыл тұрғындары кезексіз, алдын ала жазылусыз-ақ маммологқа көрініп, ең жаңа аппараттарда тексерістен өтті.

ГҮЛЬМИРА САГИДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ ОНКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгін біз үлкен бригадамен, ең үздік дәрігерлермен және медициналық жабдықтармен келдік. Самар ауданының барлық тұрғынын қамтып, денсаулықтарын бақылауға аламыз деп ойлаймын.

ҒАЛИЯ СМАЙЫЛОВА, САРЫБЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл - аудан орталығына бара алмайтын қарапайым халыққа көмектесу үшін жасалған өте жақсы акция.  Өзім офтальмологқа көріндім, көзімде аздап ақау бар еді. Енді маммологқа кіргім келеді. 

Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың барлық сұрақтары мен өтініштері бақылауға алынады. Қажет болған жағдайда мәселені шешу үшін жауапты мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданады.

ЖАНАТ МЕКЕЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ауыл тұрғындарына әлеуметтік және қайтарымсыз гранттар алу бойынша кеңестер берілуде. Ал «Шексіз мүмкіндік» партиялық жобасы аясында ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналарына денсаулықты сақтау, аурудың алдын алу мәселелері бойынша нұсқаулықтар айтылды. Бұдан бөлек, мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына арнап кәсіби бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылды. Онда түрлі мамандықтар бойынша оқуға түсу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Әлеуметтік акция екі айға созылады. Жоспар бойынша шалғай аудандардың тұрғындары медициналық көмекпен қамтылады.  Сондай-ақ, өзге де мәселелер бойынша  кеңес беру  қарастырылған.