Жамбыл облысы Шу ауданында индустриалды аймаққа саланып жатқан металлургиялық зауыт құрылысына тарихшылар мен архологтар қарсы. Айтуларынша, бұл аумақ - тарихи қорым орны. Ал жауаптылар арнайы сараптама жасалғанын, ол жақта ешқандай қорымның жоқ екенін айтады. Алайда наразы топ оған сенбей отыр.
Шу түбіндегі "Жібек жолы" индустриалды экономикалық аймағы осыдан он шақты жыл бұрын құрылған. Қазір онда 5 бірдей өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Әу баста аумағы 500 гектар болған. Кейін тағы 300 гектарға ұлғайтылыпты. Қазір сол жерге жаңа зауыт салынып жатыр. Ал тарихшылар оған қарсы. Сөздеріне сенсек, бұл аумақ - тарихи қорымның орны. Құрылыс жүргізіп жатқан компания жергілікті тұрғындардың пікірін ескермей, жұмысқа жең түре кірісіп кеткен. Ал археологиялық сараптаманы тек бір жылдан кейін жасатқан.
ОЛЬГА ГУМИРОВА, “ОХОТНИКОВ ЗА ПЕТРОГЛИФАМИ” ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Жер бөлінгенге дейін жиі асты зерттеулері жүргізілмейді. Археологиялық сараптама жасалмайды деп нақты айта аламын. Мына қазіргі жағдайда, зауыт салып жатқан жерге 2026 жылы археологиялық зерттеу жасалыпты. Ал зауыттың құрылысы 2025 жылы басталып кеткен. Сонда қалай? Көрдіңіз бе, елімізде бұл сараптамалар сапасыз жүргізіледі. Өйткені оларды жасайтын компаниялардың барлығы жекеменшік.
Анығы - бұл жақта металлургиялық кешен пайда болады. Оны қытайлық "Юнган Централ Азия" компаниясы салып жатыр. Индустриалды аймаққа жақын орналасқан Тасөткел ауылының тұрғындары бұған үзілді-кесілді қарсы. Олар осыған дейін шетелдік инвесторлар бізбен келіспеді, ешкімнен рұқсат сұрамады дейді. Ауыл әкімі де мұны растап отыр. Алайда ол зауыт салынып жатқан жерде ешқандай қорым жоқ дейді. Тарихшылар мен ауыл азаматтары бекер алаңдап отыр дегенге саяды сөзі.
БАТЫРБАЙ ЖАҚСЫНБЕТОВ, «ТАСӨТКЕЛ» АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Металлургиялық зауыт бізге келген жоқ. Мен білмеймін. Бірақ сол жерде соғып жатыр. Тарихи орын жоқ ол жерде ешқандай, құм әшейін. Тарихи орын жоқ.
Бұл мәселеге қатысты «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймақ басшылығы да, зауыт салып жатқандар да ақпарат берген жоқ. Тиісті құжаттардың бәрі бар, барлығы заңды деп қысқа ғана қайырды. Наразы топ бұл жерде бір шикіліктің барына сенеді. Сондықтан бұл істі толық зерттеп, арнайы органдарға тиісті хат жолдайтындарын жеткізді.