Шымкентте Жеңіс күні қарсаңында «Даңқ» мемориалы мен бірнеше ескерткіштің аумағы қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы алты жерде ұйымдастырылды. Қалалық әкімдік пен «AMANAT» партиясы бірлесе өткізген тазалық жұмыстарына белсенді жастар мен коммуналдық сала жұмысшылары қатысты. Акцияға ұзын саны 1,5 мыңдай адам жұмылдырылды. Қатысушылар Мәңгілік алау маңынан бөлек даңқты генерал Сабыр Рахымовтың, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының және майдангер Әлия Молдағұлованың да рухына тағзым етіп, ескерткіштерінің маңайын да тазартып шықты.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Өткенге салауат» акциясы өтіп жатыр. Бұл жерде Ер есімі ел есінде әрқашан. Сондықтан біз Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың осы жерде даңқ мемориялына жазылған тақтайшаларын тазалап жатырмыз. Осы жерде орналасқан барлық жанындағы талдардың бәрінің түптерін әктеп жатырмыз, яғни қоқыстарды шығарып, бүгін осы ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде қалдыратын тазалық акциясын жалғастырып жатырмыз.