Атырау тұрғындарына туысының атын жамылған алаяқтардан сақ болу ескертілді.
Қазіргі таңда алаяқтық қылмыстар қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың біріне айналып отыр. Қаскөйлер азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, ақша қаражатын заңсыз иемденуге әрекет жасайды. Әсіресе егде жастағы адамдар олардың негізгі нысанасына айналған. Соңғы уақытта кең таралған әдістердің бірі — белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өзін жақын туысы ретінде таныстыру. Алаяқтар көбіне "жол-көлік оқиғасына түстім", "ауруханадамын", "полицияға түстім" немесе "шұғыл ақша қажет" деген сылтауларды айтып, азаматтарды үрейге салып, тез арада ақша аудартуға тырысады. Бейнероликте дәл осындай жағдай көрсетілген: әжейге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өзін баласы ретінде таныстырған алаяқ ақша талап етеді. Алайда полиция қызметкерінің дер кезінде жүргізген түсіндіру жұмыстарының арқасында бұл жағдайдың алаяқтық схема екені анықталып, қаржылық шығынның алдын алынады. Осыған байланысты полиция азаматтарды барынша сақ болуға шақырады.
Егер сізге жақыныңыздың атынан күмәнді хабарлама немесе қоңырау келсе:
– асығыс шешім қабылдамаңыз;
– үрейге бой алдырмаңыз;
– ақпараттың анықтығын тексеріңіз;
– туысыңызға өзіңіз қайта хабарласыңыз;
– ақша аударуға асықпаңыз; – қажет болған жағдайда полицияға жүгініңіз.
Есте сақтаңыз: алаяқтар адамның эмоциясын пайдаланып, асығыстыққа итермелейді. Сондықтан кез келген күмәнді жағдайда сабыр сақтап, ақпаратты мұқият тексеру маңызды. Бір сәттік сенім үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Өз қауіпсіздігіңізге бейжай қарамай, жақындарыңызды да мұндай алаяқтық тәсілдерден сақтандырыңыз.