$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Сандық трансформация: ЖИ қаржы секторының архитектурасын қалай өзгертеді?

17.05.2026ж. 06:46
Сандық трансформация: ЖИ қаржы секторының архитектурасын қалай өзгертеді?
фото: egemen.kz

Жаһандық қаржы нарығы сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге қадам басты. Бүгінде аудит пен бухгалтерлік есеп жүйесі дәстүрлі моделден толық автоматтандырылған интеллектуалды экожүйеге ауысуда.  Отандасымыз, халықаралық деңгейдегі қаржы сарапшысы, Солтүстік Американың Қазақ Қауымдастығының (NAKA) Президенті Лиза Примжарова АҚШ-тың Сиэтл қаласында ауқымды зерттеулер жүргізіп жүр.

Лиза Примжарова - отандық жоғары білім мектебінен (Нархоз Университеті мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) түлеп ұшып, Лондон мен Сиэтлдің ірі қаржылық құрылымдарында 20 жылдық тәжірибе жинақтаған маман. Қазіргі уақытта АҚШ-тағы Trine University (MBA) және Вашингтон Университетінде бухгалтерлік есептің синергиясын зерттеумен айналысады.

Ол 2024–2026 жылдары халықаралық деңгейде төрт маңызды ғылыми мақала жариялап үлгерді. Әсіресе, жасанды интеллектінің (ЖИ) бухгалтерияға әсері туралы жазған еңбегі әлемдік ғылыми базаларда жоғары сұранысқа ие. Кәсіби ортадағы еңбегі үшін ол Successful Ladies Award және National Business Award сияқты беделді марапаттарды кеудесіне тақты.

Жасанды интеллект бухгалтерді алмастыра алмайды. Заманауи технологиялар қаржыгерлердің жұмысын жеңілдетіп, рутиналық істерді өз мойнына алады.

«ЖИ құжаттарды секунд ішінде өңдеп, қатесіз есептей алады. Бірақ ол тек құрал. Алгоритмде адамға тән кәсіби пайымдау мен сезімталдық жоқ. Болашақта тек сандарды жазып отыратын есепшілер емес, сол сандардың артындағы үрдісті түсінетін аналитиктер жеңіске жетеді», — дейді сарапшы.

Ол қазақстандық мамандарға қазірден бастап цифрлық сауаттылықты арттыруды және ескі қолмен есептеу әдістерінен біржола бас тартуды кеңес етеді.

Лиза - тек ғылыммен ғана емес, АҚШ-тағы қазақ мәдениетінің жанашыры ретінде де танымал тұлға. Ол Солтүстік Американың Қазақ Қауымдастығының (NAKA) Президенті ретінде шетелдегі қандастардың басын қосып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп келеді.

Биыл оның ұйытқы болуымен Сиэтлде өткен Наурыз мейрамына 300-ден астам адам жиналды. Америка аспанында домбыра күмбірлеп, қазақтың қонақжайлылығы паш етілді.

 «Бұл мен үшін жай қоғамдық жұмыс емес, бұл — үлкен миссия», — дейді Лиза ағынан жарылып.

Болашақта Лиза Примжарова АҚШ-тың белді кәсіби басылымдарында жаңа зерттеулерін жариялап, NAKA қауымдастығының географиясын бүкіл Солтүстік Америка құрлығына кеңейтуді жоспарлап отыр.

Оның ең басты мақсаты - жинақтаған халықаралық тәжірибесі мен академиялық білімін Қазақстанның қаржы жүйесін цифрлық трансформациялауға бағыттау. Зерттеуші қазақстандық мамандардың әлеуеті жоғары екеніне және олардың жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті бола алатынына кәміл сенеді.